Астана – Петропавл тасжолындағы апат: жараланған полицей қайтыс болды

Абдрахманов Мағжан
04 қараша 2026, 14:18
Астана – Петропавл тасжолындағы апат: жараланған полицей қайтыс болды Сурет авторы: видеодан кадр/ newtimes

Астана – Петропавл тасжолында жол апатынан ауыр жараланған полиция қызметкері 4 қарашада қайтыс болды. Бұл ақпаратты Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы растады.

Басқарманың мәліметінше, полиция қызметкері ауруханаға жеткізілген сәттен бастап өте ауыр жағдайда болған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, алған жарақаттары өлімге әкелген.

«Науқастың жағдайы бастапқыдан өте ауыр деп бағаланды. Жүргізілген жансақтау шаралары мен дәрігерлердің күш-жігеріне қарамастан, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады», – делінген басқарма хабарламасында.

Жол апаты 3 қарашада Ақмола облысының Шортанды кенті маңында болған. JAC T9 көлігі патрульдік полиция автокөлігімен соқтығысқан. Апаттан зардап шеккен полиция қызметкері ауруханаға жеткізілген еді.

Алдын ала мәлімет бойынша, JAC T9 жүргізушісі жылдамдық тәртібін және көліктер арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтамаған болуы мүмкін.

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеушілер жол апатының мән-жайын анықтап жатыр.

Соңғы жаңалықтар