Алматы метросында жолаушыларды кіргізбей қойды: себебі белгілі болды

Абдрахманов Мағжан
05 қараша 2026, 12:39
Алматы метросында жолаушыларды кіргізбей қойды: себебі белгілі болды Сурет авторы: Алматы метрополитені

Алматыдағы «Райымбек батыр» метро бекетінде жарылғыш зат болуы мүмкін деген хабарға байланысты полиция тексеру жүргізді. Мамандар күдікті зат таппады, деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

5 қараша, бейсенбі күні таңертең жолаушы әйел метро қызметкерлеріне «Райымбек батыр» бекетінде жарылғыш құрылғы бар екенін айтқан.

«Бекетте тиісті мамандардың қатысуымен тексеру жүргізілді. Нәтижесінде жарылғыш құрылғылар мен күдікті заттар табылған жоқ», – деп мәлімдеді полиция.

Жолаушыларды метроға кіргізбеген

Бейсенбі күні таңертең әлеуметтік желі қолданушылары «Райымбек батыр» бекетіне жолаушылардың кіргізілмегенін хабарлады.

Олардың айтуынша, метроға келген адамдардан басқа қоғамдық көлік түрлеріне ауысу сұралған. Бекетке кіреберісті полиция қызметкерлері бақылаған.

Хабар берген әйелге қатысты тексеру жүріп жатыр

Полицияның алдын ала мәліметінше, жарылғыш зат туралы хабарлаған әйел Психикалық денсаулық орталығында есепте тұрады.

«Қазір тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша азаматшаның әрекетіне құқықтық баға беріледі», – деп хабарлады полиция департаменті.

Әйелдің әрекетіне қатысты әзірге түпкілікті құқықтық шешім қабылданған жоқ.

Метро қазір қалай жұмыс істеп тұр?

Алматы метрополитенінің баспасөз қызметі «Власть» басылымына метро қалыпты жұмыс тәртібіне оралғанын хабарлады.

Қазір пойыздардың қозғалысына шектеу қойылмаған.

Соңғы жаңалықтар