Трамп Израильге берілетін миллиардтаған доллар көмекті тоқтататынын мәлімдеді

Редакция
04 қараша 2026, 11:46
Трамп Израильге берілетін миллиардтаған доллар көмекті тоқтататынын мәлімдеді Сурет авторы: REUTERS/Jonathan Ernst

АҚШ-тағы Конгресс сайлауы өтіп жатқан шешуші сәтте Президент Дональд Трамп халықаралық саясатты дүр сілкіндірген сөз айтты. Оның мәлімдеуінше, Вашингтон жыл сайын Израильге бөліп келген 4 миллиард долларлық әскери көмекті осы жылдың соңында толығымен тоқтатады. Алайда АҚШ таяу шығыстағы басты одақтасына қару-жарақ сатуды ары қарай да жалғастыра бермек, деп хабарлайды Reuters.

Трамп Fox News телеарнасына берген сұхбатында бұл шешімді Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен келісе отырып қабылдағанын жеткізді. АҚШ басшысының айтуынша, Израильге бұл қаржы енді соншалықты қажет емес, ал солшыл демократтар бұл миллиардтарды республикашылдарға қарсы саяси козырь ретінде пайдаланып келген.

"Бұл - жаман сылтау. Израильге көмек төлеуге келсек, біз Нетаньяхумен бұл қаржыландыруды тоқтату туралы осыдан бірнеше ай бұрын келістік. Жыл соңына қарай төлемдер тоқтайды, бірақ қажет жағдайда көмектесуге дайынбыз", - деді Трамп.

Бұл сенсациялық мәлімдеме Израильдің өзінде үлкен саяси дау тудырды. Оппозиция жетекшісі Гади Айзенкот Нетаньяхуды ел қауіпсіздігіне нұқсан келтірді деп айыптап, мұндай маңызды стратегиялық өзгерісті БАҚ беттерінен білгендеріне наразылық білдірді.

Әлеуметтік сауалнамалар АҚШ қоғамында (әсіресе демократтар мен Трамптың өз жақтастары арасында) Израильге әскери қолдау көрсетуге деген қарсылықтың артқанын көрсетеді. Сарапшылар Трамптың мұндай қадамға дауыс беру күні әдейі барып, сайлауда ұпай жинауды көздегенін айтады.

Соңғы жаңалықтар