6,5 трлн теңге: Ұлттық қордың ақшасына не салынады?

Абдрахманов Мағжан
04 қараша 2026, 12:23
6,5 трлн теңге: Ұлттық қордың ақшасына не салынады? Сурет авторы: Forbes.kz

Қазақстанда 2029 жылдың соңына дейін әлеуметтік нысандар, жолдар және инженерлік желілер салуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағытталады. Бұл туралы 4 қарашада Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, Президент тапсырмасымен құрылған Инфрақұрылымды дамыту қоры аясында жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 262 жоба мақұлданған. Оның ішінде 122 жобаны жүзеге асыруға қазірдің өзінде 497 млрд теңге бөлінген.

Мақұлданған жобаларға қарастырылған қаражат мына бағыттарға жұмсалмақ:

  • Денсаулық сақтау – 344 млрд теңге. 41 жоба аясында ауруханалар, емханалар, перинаталдық орталықтар мен перзентханалар салынады.

  • Көлік инфрақұрылымы – 369 млрд теңге. 48 жоба бойынша жолдар жаңартылып, жаңа автомобиль жолдары мен көпірлер салынады.

  • Сумен жабдықтау және су бұру – 284 млрд теңге. 55 жоба аясында су құбырлары, тазарту құрылыстары мен бөгеттер салынады.

  • Мәдениет, туризм және спорт – 266 млрд теңге. 23 жоба бойынша спорт кешендері, мәдениет сарайлары, театрлар және басқа да нысандар бой көтереді.

  • Жылу және газбен жабдықтау – 136 млрд теңге. 67 жоба жүзеге асырылады.

  • Білім беру – 101 млрд теңге. 28 жоба аясында мектептер мен көпфункционалды кешендер салынады.

Нұрлыбек Нәлібаев бұл жұмыстардың басталып кеткенін айтып, бөлінетін қаржы Үкіметтің қатаң бақылауында болатынын жеткізді.

«Бұл қағаз бетіндегі ғана жоспар емес. Осы 122 жобаны жүзеге асыруға қазірдің өзінде нақты 497 млрд теңге қаржы бөлінді», – деді ол.

Үкіметтің жоспарына сәйкес, инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары еліміздің барлық өңірін қамтиды. Президент 2027 жылды Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы деп жариялаған.

Соңғы жаңалықтар