Қарызды аз көрсетіп, несие беруді оңайлатқан ба: 11 ірі банк тексеріледі

Абдрахманов Мағжан
03 қараша 2026, 09:10
Қарызды аз көрсетіп, несие беруді оңайлатқан ба: 11 ірі банк тексеріледі Сурет авторы: Baq.kz

Қазақстанда 11 ірі банктің қарыз алушылардың қарыз жүктемесін қалай есептейтіні тексеріледі, деп хабарлады Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Жаңа тұрақты бақылау аясында банктердің несие берер алдында азаматтың табысы мен бұрыннан бар қарыздарын қаншалықты дұрыс есепке алатыны бағаланады. Реттеуші тексерілетін 11 банктің атауын жариялаған жоқ.

Қарыз жүктемесінің коэффициенті адамның несие бойынша ай сайын төлейтін ақшасының орташа айлық табысына арақатынасын көрсетеді. Осы көрсеткіш арқылы банктер азаматтың бұрынғы қарыздарын өтей отырып, жаңа несиені де төлей алу мүмкіндігін бағалайды.

Бұған дейін агенттік сегіз банкте сынақ тексеруін жүргізген. Оның қорытындысында банктердің қарыз жүктемесін есептеу тәсілдерінде айырмашылық бар екені анықталған. Осыдан кейін мұндай тексеруді тұрақты жүргізу туралы шешім қабылданды.

Реттеуші тексеру арқылы азаматтардың шамадан тыс қарыздануына жол бермеуді, қарыз жүктемесін төмендетіп көрсету жағдайларын анықтауды және банктерге ортақ есептеу тәсілін қалыптастыруды көздейді.

Тексеру қорытындысында заң бұзушылық анықталса, агенттік бақылау шараларын қолдану және банктерден кемшіліктерді түзету жоспарын талап ету мәселесін қарайды. Нәтижелер қарыз жүктемесін есептеуге қойылатын талаптарды жетілдіру үшін де пайдаланылмақ.

Соңғы жаңалықтар