Елде ауқымды «Халықтық құрылыс» бағдарламасы басталады: Қаражаттың жұмсалуын кімдер бақылайды?

Редакция
04 қараша 2026, 12:50
Елде ауқымды «Халықтық құрылыс» бағдарламасы басталады: Қаражаттың жұмсалуын кімдер бақылайды? Сурет авторы: ЖИ иллюстрациясы

«Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында еліміз бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі одан әрі артады. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді.

Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 7,8 триллион теңгені құрап, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 11,5%-ға өскен. Жыл соңына дейін республика бойынша 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес, біз ауқымды «Халықтық құрылыс» бағдарламасын әзірлеуге кірістік. Оның аясында республика бойынша құрылыс көлемі одан әрі арта түседі. Құрылысы жүргізіліп жатқан нысандардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Бөлінген қаражаттың тиімді әрі ашық жұмсалуына қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету мақсатында «Халықтық құрылыс» жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылады. Оның құрамына бірқатар салалық ведомство басшылары, Құрылтай мен мәслихаттар депутаттары, Халық кеңесінің мүшелері, қоғам қайраткерлері, белсенділер, волонтерлер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді. Ауқымды құрылыс жұмыстары отандық құрылыс материалдарымен және өндірістік базамен толық қамтамасыз етіледі», - деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.

Соңғы жаңалықтар