Кеңес дәуірінің марапаты үшін жәрдемақы төлене ме: Көпбалалы ана Конституциялық сотқа жүгінді

Абдрахманов Мағжан
03 қараша 2026, 09:27
Кеңес дәуірінің марапаты үшін жәрдемақы төлене ме: Көпбалалы ана Конституциялық сотқа жүгінді Сурет авторы: Azattyq ruhy/ ЖИ

Қазақстанның Конституциялық соты Кеңес дәуірінде көпбалалы аналарға берілген марапаттарды жәрдемақы тағайындау кезінде есепке алу мәселесін қарайды. Бұған алты бала тәрбиелеген қазақстандық әйелдің өтініші себеп болған.

Өтініш иесі 1971 жылы бес бала туғаны және тәрбиелегені үшін ІІ дәрежелі «Аналық медалімен», ал 1975 жылы алты баласы үшін осы медальдің І дәрежесімен марапатталған.

Әйел І дәрежелі «Аналық медалін» қазіргі «Күміс алқаға» тең деп танып, тиісті мемлекеттік жәрдемақы тағайындауды талап еткен. Алайда бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар оның талабын қанағаттандырмаған.

Осыдан кейін көпбалалы ана Конституциялық сотқа жүгінді. Оның пікірінше, Кеңес дәуірінде берілген І дәрежелі «Аналық медалі» мен ІІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденінің қазіргі жәрдемақы алуға мүмкіндік беретін марапаттар тізіміне кірмеуі азаматтардың теңдігі қағидатына қайшы.

Қазір Қазақстанда «Күміс алқа» иегерлеріне айына 27 680 теңге төленеді. «Алтын алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алған және І немесе ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған аналар айына 32 005 теңге алады.

Конституциялық сот Әлеуметтік кодекстің осы жәрдемақыны тағайындауға қатысты нормаларының Конституцияға сәйкестігін тексеріп жатыр. Түпкілікті шешім кейін жарияланады.

Соңғы жаңалықтар