«7-20-25»: 2027 жылы ипотекаға қанша қаржы бөлінетіні белгілі болды

Абдрахманов Мағжан
03 қараша 2026, 14:27
«7-20-25»: 2027 жылы ипотекаға қанша қаржы бөлінетіні белгілі болды Сурет авторы: shutterstock

Қазақстанда «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша 2027 жылы банктер беретін қарыздардың ең жоғары көлемі 100 млрд теңге болады. Бұл шек Ұлттық банк бекіткен бағдарламада көрсетілген.

Бағдарлама 2029 жылдың соңына дейін жалғасады. Қолданыстағы жоспар бойынша 2026, 2027, 2028 және 2029 жылдардың әрқайсысында ипотекалық қарыз беруге 100 млрд теңгеден қарастырылған.

«7-20-25» бойынша ипотеканың жылдық мөлшерлемесі – 7%, бастапқы жарна – кемінде 20%, ал несие мерзімі 25 жылға дейін. Бағдарлама арқылы пайдалануға берілген жаңа тұрғын үй сатып алуға болады.

Қазір сатып алынатын баспананың ең жоғары құны өңірге қарай әртүрлі. Астана, Алматы және олардың маңындағы аумақтарда, сондай-ақ Ақтау, Атырау және Шымкентте – 30 млн теңгеге дейін. Қарағандыда – 25 млн теңге, қалған өңірлерде – 20 млн теңге.

Ұлттық банктің 2 қарашада жариялаған дерегіне сәйкес, 2026 жылғы 29 қазандағы жағдай бойынша бағдарлама іске қосылғалы жалпы сомасы 1,259 трлн теңгеге 87 327 ипотекалық қарыз берілген.

Соңғы жаңалықтар