«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына 20 үміткер іріктелді

Редакция
05 қараша 2026, 16:46
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына 20 үміткер іріктелді Сурет авторы: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстанда «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына үміткер 20 жас анықталды. Биыл сыйлыққа 504 өтінім түсіп, оның 429-ы конкурстық комиссияның қарауына жіберілді, деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Үміткерлерді іріктеу 10 аталым бойынша жүргізілді. Комиссия қорытынды отырыста әр аталымнан екі адамды таңдады. Жиынға мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев қатысты.

Ең көп өтінім «Ғылым» аталымына түскен – 119. Одан кейін «Қоғамдық қызмет» (75) және «Театр және кино» (58) бағыттары тұр.

«Халық шығармашылығы» аталымына 43, «Классикалық музыкаға» 30, «Әдебиетке» 23 өтінім берілген. «Эстрада» және «Дизайн және бейнелеу өнері» аталымдарының әрқайсысына 22, «Спортқа» 20, «Журналистикаға» 17 өтінім түскен.

Іріктеу екі кезеңнен тұрды. 27–29 қазан аралығында алты бағыттық отырыс өткізіліп, олардың қорытындысы бойынша үміткерлерді таңдауға қатысты ұсыныстар әзірленді.

Конкурстық комиссия құрамына Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, кәсіпкерлер мен жастар саясаты саласының өкілдері енді.

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлерін марапаттау рәсімі 26 қарашада өтеді.

Айта кетейік, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы 1992 жылы тағайындалған. Ол ғылымда, шығармашылықта, қоғамдық қызметте және спортта жетістікке жеткен жастарды қолдауға арналған. Осы уақытқа дейін 400-ге жуық адам аталған сыйлықтың иегері атанған.

Соңғы жаңалықтар