Ташкенттегі жаппай улану: Зардап шеккен балалар елге қайтарыла бастады

Редакция
04 қараша 2026, 11:07
Ташкенттегі жаппай улану: Зардап шеккен балалар елге қайтарыла бастады Сурет авторы: предоставлено родителями детей

Өзбекстан астанасында өткен «Dostlik Cup 2026» халықаралық футбол фестивалі кезінде қазақстандық делегация өкілдері жаппай астан уланды. Төтенше жағдайдан кейін сапарға қатысқандардың 13-і Қазақстанға қайтарылды. Қазіргі таңда Қарағанды облысында елге оралған азаматтарды қарсы алу және оларды кешенді медициналық тексеруден өткізу жұмыстары ұйымдастырылуда.

Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы Елшілігінің мәліметінше, турнирге ел атынан жалпы 95 адам барған. Оқиға салдарынан 20 адам (балалар мен оларды сүйемелдеуші ересектер) медициналық көмекке жүгінді. Жалпы алғанда 18 отандасымыз - 12 бала мен 6 ересек адам ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде бір бала 2 қараша кешінде жұқпалы аурулар ауруханасына түскен.

Дәрігерлер жүргізген емдеу шараларының нәтижесінде 3 қарашадағы жағдай бойынша 10 пациент (6 бала мен 4 ересек) ауруханадан шығарылды. Бүгінде зардап шеккендердің денсаулық жағдайы жақсарып келеді.

Қазіргі уақытта Ташкентте 12 қатысушы калып отыр. Олардың 8-і (6 бала мен 2 ересек) жергілікті емдеу мекемелерінде емделуді жалғастыруда. ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова пациенттерді Қазақстанға эвакуациялау мәселесі күн тәртібінде тұрмағанын, науқастардың тиісті ем алып жатқанын хабарлады.

Ата-аналардың сөзінше, зардап шеккендердің барлығы мейманханада таңғы асқа дайындалған жұмыртқа тағамын (яичница) жеген. Оқиғаның нақты себептерін анықтау мақсатында Өзбекстанның санитариялық-эпидемиологиялық қызметі зертханалық зерттеулерді жүргізуде. Аталған факті бойынша Ташкент қаласы Чиланзар ауданының прокуратурасы санитариялық заңнама талаптарын бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Соңғы жаңалықтар