Бектенов «Самұрық-Қазына» басшылығын сынға алды: себебі белгілі болды

Абдрахманов Мағжан
04 қараша 2026, 11:53
Бектенов «Самұрық-Қазына» басшылығын сынға алды: себебі белгілі болды Сурет авторы: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов бірқатар ірі инвестициялық жобаның белгіленген мерзімде орындалмағаны үшін «Самұрық-Қазына» қоры мен оның еншілес компанияларының басшыларын сынға алды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Бектенов қордың директорлар кеңесінің отырысында жобалардың орындалу мерзімін қатаң бақылауды тапсырды. Әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларында жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу, сондай-ақ газ өңдеу зауыттарын салу жұмыстарына ерекше назар аударылды.

Отырыста қордың жалпы құны 43,8 трлн теңге болатын 69 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатқаны айтылды. Оның 44-інде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жобалардың басым бөлігі мұнай-газ, мұнай химиясы, электр энергетикасы, көлік және байланыс салаларын қамтиды.

Қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов 2026 жылдың алғашқы тоғыз айындағы жұмыс нәтижелерін таныстырды. Осы кезеңде қордың кірісі 13 пайызға, таза пайдасы 19 пайызға өскен. Негізгі өндірістік көрсеткіштер бойынша жоспар орындалған.

Сондай-ақ тоғыз айда қордың қазақстандық компаниялардан сатып алған тауарлары мен қызметтерінің көлемі шамамен 1,4 трлн теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 45 пайызға көп.

Отырыс қорытындысында Премьер-министр инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды және сатып алынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердегі отандық үлесті арттыруды тапсырды.

Үкіметтің хабарламасында нақты қай жобалардың қанша уақытқа кешіккені көрсетілмеген.

Соңғы жаңалықтар