Мобильді аударымдар жаңаша бақыланады: нені білу керек?

Абдрахманов Мағжан
02 қараша 2026, 15:45
Мобильді аударымдар жаңаша бақыланады: нені білу керек? Сурет авторы: Pixabay

Қазақстанда мобильді аударымдарды салықтық бақылауға алу өлшемдерінің бірі өзгереді. 10 қарашадан бастап үш айдағы түсімнің шекті мөлшері қазіргі 1,02 млн теңгеден 1,557 млн теңгеге дейін өседі.

Қазір шекті сома 12 ең төменгі жалақы мөлшерімен есептеледі. Жаңа тәртіп бойынша ол 360 айлық есептік көрсеткішке тең болады. Биыл бұл – 1 557 000 теңге. Осылайша шек 537 мың теңгеге өседі.

Банктер жеке тұлғаның кәсіпкерлікке арналмаған шотындағы аударымдар туралы мәліметті салық органдарына екі шарт қатар орындалған жағдайда береді. Біріншіден, қатарынан үш күнтізбелік айдың әрқайсысында 100 немесе одан да көп әртүрлі адамнан ақша түсуі керек. Екіншіден, осы үш айдағы жалпы түсім 360 АЕК-тен асуға тиіс.

Бұл ретте ақша жіберген адамдардың саны есепке алынады. Мәселен, бір адамның бірнеше рет ақша аударуы бірнеше адамнан түскен аударым ретінде саналмайды.

Банктер тиісті мәліметті тоқсан сайын, келесі айдың 15-інен кешіктірмей мемлекеттік кірістер органдарына жібереді. Жаңартылған нысанда ақша алушының жеке сәйкестендіру нөмірі мен есепті кезеңдегі жалпы түсім сомасы көрсетіледі.

Қаржы министрлігі бұған дейін мобильді аударымдардың өзіне салық салынбайтынын түсіндірген. Ақшаның қандай мақсатпен түскені маңызды: тауар немесе қызмет ақысын төлеу кәсіпкерлік табыс ретінде қарастырылуы мүмкін, ал туыстар арасындағы жеке аударымдар мен сыйға берілген ақша бұған жатпайды.

Бақылау өлшемдеріне сәйкес келу шоттағы шығыс операцияларын автоматты түрде бұғаттауға негіз болмайды.

Тиісті бұйрыққа 23 қазанда қол қойылып, 30 қазанда ресми жарияланған. Өзгерістер 10 қарашадан бастап күшіне енеді.

Соңғы жаңалықтар