Құрылтайда отандық капитал нарығын дамыту мен бизнесті қаржыландырудың жаңа тетіктері қаралды

Редакция
05 қараша 2026, 21:08
Құрылтайда отандық капитал нарығын дамыту мен бизнесті қаржыландырудың жаңа тетіктері қаралды Сурет авторы: Құрылтайдың Баспасөз қызметі

Құрылтайдың Қаржы және бюджет комитетінде бизнеске арналған ұзақ мерзімді қаржы ресурстарының қолжетімділігі мен қор нарығының мүмкіндіктерін саралауға бағытталған жиын өтті. Кездесуде депутаттар мен мемлекеттік орган басшылары Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген тапсырмаларды орындаудың заңнамалық қадамдарын сарапқа салды. Отырысқа Құрылтай вице-спикері Дания Еспаева, салалық ведомстволар мен бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан Комитет төрағасы Ольга Перепечина Мемлекет басшысы белгілеп берген басымдықтарға тоқталды. Оның ішінде банктерді өндіріс пен бизнесті несиелеуге белсенді түрде тарту, инвестициялық ортаны жақсарту, бірыңғай қаржылық экожүйе құру және бюджет-салық саясатын оңтайландыру міндеттері бар екенін атап өтті.

Өз кезегінде Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландырудың соны моделіне көшу қажеттілігін жеткізді. Оның айтуынша, еліміздегі жинақталған қаржы ресурстары нақты секторды көркейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өндірісті әртараптандыруға бағытталуы тиіс. Сондай-ақ ол әзірленіп жатқан «Капитал нарығы туралы» жаңа заңның басты мақсаты формальды көрсеткіштерден арылып,нақты инвестиция тартатын пәрменді құралға айналу екенін ескертті.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова 2003 жылдан бері қолданылып келе жатқан «Бағалы қағаздар нарығы туралы» заңның орнын басатын жаңа құжатпен таныстырды. Халықаралық IOSCO қағидаттары мен еуропалық стандарттарға сүйене отырып әзірленген заң жобасы Орталық депозитарий арқылы «бір терезе» қағидатымен бағалы қағаздарды шығаруды жеңілдетеді, цифрлық активтер мен туынды қаржы құралдарының ережелерін айқындайды. Құжат осы жылдың желтоқсанында Құрылтай қарауына енгізіледі.Сондай-ақ Агенттік мен Ұлттық Банк әзірлеген 2030 жылға дейінгі Капитал нарығын дамыту бағдарламасы ұсынылды.

Отырыс барысында «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев KASE мен AIX платформаларында компаниялар үшін арнайы сегменттер ашуды және отандық кәсіпорындардың акцияларын сатып алатын жеке инвесторларға салықтық жеңілдіктер беруді ұсынды. Ал «Қазақстан қор биржасы» АҚ өкілі Айнагүл Ысқақова халықаралық ETF мен Ислам инвестициялық қорларын іске қосу үшін қолайлы реттеуші орта қалыптастыру маңызды екенін айтты.

Кездесу соңында Ольга Перепечина жауапты мемлекеттік органдарға «Капитал нарығы туралы» заң жобасын уақтылы ұсынуды және жақын арада келіп түсетін Салық кодексі аясында бизнеске түсетін артық ауыртпалықты азайту тетіктерін пысықтауды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар