Қостанайдағы «Qaz Talks» алаңы: Президент Жолдауындағы басты өзгерістер талқыланды

Редакция
05 қараша 2026, 20:26
Қостанайдағы «Qaz Talks» алаңы: Президент Жолдауындағы басты өзгерістер талқыланды Сурет авторы: Құрылтайдың Баспасөз қызметі

Қостанайдағы Жастар сарайында Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген басымдықтарды түсіндіруге арналған «Qaz Talks» диалог алаңы өтті.

Ауқымды жиынға мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, кәсіподақтар мен этномәдини бірлестіктердің өкілдері, салалық министрлік басшылары, сондай-ақ жастар мен әлеуметтік сала қызметкерлері қатысты.

Кездесу барысында спикерлер Жолдаудың негізгі бағыттарына жеке-жеке тоқталып, реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, өңірлік экономиканы дамыту, әлеуметтік саясатты жетілдіру, сондай-ақ қоғамдық диалог пен этносаралық келісімді нығайтудың өзекті міндеттерін түсіндірді.

Жиында сөз сөйлеген Құрылтай депутаты Екатерина Смышляева алдағы өзгерістердің заңнамалық негізі мен ел инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасының маңыздылығын баса айтты. – Инфрақұрылымды дамыту бастамасының біздің өңір үшін маңызы зор. Әлеуметтік нысандардың басым бөлігі 50–60 жыл бұрын салынған және медициналық көмектің, білім беру мен әлеуметтік қызмет көрсетудің қазіргі талаптарына сай келмейді.Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымының тозуы да – бүгінгі таңда өте өзекті мәселе. Бұл желілерді пайдалану мерзімінің ұзақтығы мен оларға түсетін жүктеменің артуына байланысты. Қостанай облысының аумағы кең болғандықтан, жол сапасы халықтың тұрмыс деңгейіне, экономиканың дамуына да тікелей әсер етеді. Жол желісі электрондық сауданы дамытуға негіз болып, тұрғындардың түрлі сервистер мен өз өнімдерін өткізу нарығына қол жеткізуге мүмкіндік береді, – деді депутат. Сондай-ақ ол «Халықтық құрылыс» жобасы аясында отандық құрылыс материалдары мен жабдықтарын өндіретін кәсіпорындарға басымдық берілетінін атап өтті.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Төлеген Күнәділов мемлекеттік бастамаларды іске асырудағы азаматтық қоғамның рөліне, әлеуметтік әділдік пен еңбек құқығын қорғауға назар аударды. Өз кезегінде Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағнаев тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті қолдау және өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыру шараларын баяндады.

Сонымен бірге жиында жұмысшы мамандықтарының мәртебесі мен еңбек адамдарын әлеуметтік қорғау мәселелері кеңінен сөз болды. Орман шебері, «Қостанай облысы орман шаруашылығы кәсіпорындары қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Максим Макрушин бұл өзгерістердің әрбір отбасының күнделікті өмірінде нақты сезілуі маңызды екенін жеткізді.

Мемлекеттік саясаттың әлеуметтік басымдықтары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Комитет төрағасы Илья Скубтың баяндамасына арқау болса, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Рафаил Гаджибалаев елдегі этносаралық татулықты сақтаудағы этномәдени бірлестіктердің айрықша рөлін атап өтті.

Жиын соңында қатысушылар спикерлерге тікелей сұрақтар қойып, Жолдауда жүктелген міндеттерді практикалық түрде іске асыру тетіктерін талқылады.

Соңғы жаңалықтар