$ 447.94 € 502.32 ₽ 5.52

Қашаған дауы: арбитраж Қазақстанның 12 млрд долларлық талабын қанағаттандырмады

Абдрахманов Мағжан
23 қазан 2026, 17:31
Қашаған дауы: арбитраж Қазақстанның 12 млрд долларлық талабын қанағаттандырмады Сурет авторы: gov.kz

Халықаралық арбитраж соты Қазақстанның Қашаған кен орнын игеретін ірі мұнай компанияларынан шамамен 12 млрд доллар өндіріп алу жөніндегі талабын қанағаттандырмады. Бұл туралы дереккөздеріне сүйенген Bloomberg хабарлады.

Басылым мәліметінше, Қазақстан Қашағанға қатысты даулы шығындардың шамамен 20 млрд долларын өндіріп алуға тырысқан. Алайда арбитраж 2011-2015 жылдары жұмсалған шығындарға қатысты талап тым кеш берілген деген қорытындыға келген. Соның салдарынан шамамен 12 млрд доллар көлеміндегі талап қабылданбаған.

Сонымен бірге арбитраж Қазақстанның шамамен 8 млрд доллар көлеміндегі басқа талаптарын қанағаттандырғаны айтылады. Оның нақты қандай талаптар екені әзірге жарияланған жоқ.

Бұл шешім Қазақстан мен Қашағанды игеріп жатқан халықаралық мұнай компаниялары арасындағы даудың аяқталғанын білдірмейді. Арбитраж жалғасады. Bloomberg дерегінше, Қазақстан үкіметі серіктестерінен жалпы сомасы 150 млрд доллардан асатын өтемақы талап етіп отыр.

Талаптардың негізгі бөлігі Қашағандағы өндірістің кеш басталуына байланысты Қазақстан ала алмаған табысқа қатысты. Бұған қоса экологиялық талаптардың бұзылуы және бірқатар келісімшарттың жасалуына қатысты шағымдар бар.

Қазақстан тарапы North Caspian Operating Consortium (NCOC) 2000-жылдары кен орнын игеру кезінде халықаралық құрылыс компанияларымен жалпы сомасы 10,7 млрд доллар болатын шамамен 12 келісімшарт жасасқанда пара беру, мүдделер қақтығысы және шығындарды қолдан өсіру белгілері болғанын мәлімдеген.

Қазақстан үкіметінің ұстанымынша, осы келісімшарттар Қашағанда мұнай өндірудің айтарлықтай кешігуіне әкеліп, елдің елеулі табыстан қағылуына себеп болған. NCOC өзіне тағылған заң бұзушылықтар туралы айыптарды жоққа шығарады.

Соңғы жаңалықтар