Әлем чемпионы, ММА жауынгері, Сорбонна университетінің оқытушысы, әйелдерге арналған өзін-өзі қорғау академиясының негізін қалаушы Джиен Абделлила тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың белгілері физикалық күш қолдануға дейін-ақ байқалатынын айтады. Ол BES.media-ға берген сұхбатында агрессияның «қызыл жалаулары» қалай көрінетінін түсіндіріп берді, сондай-ақ неге Парижден Астанаға көшкісі келетінін айтты.
Зорлықтың «қызыл жалаулары»
Маман тұрмыстағы зорлықтың белгісі тек күш қолдану емес екенін атап өтті. Алғашқы белгілерге:
-
телефонды, киімді, араласатын ортаны бақылау;
-
тіл тигізу, кемсіту;
-
қаржылық және психологиялық қысым жасау жатады.
«Егер ер адам үй жануарына зиян келтірсе, бұл – өте қауіпті белгі. Агрессор тікелей ұра алмаса, ашуын мүлікке, жануарға немесе балаға бағыттайды», – дейді ол.
Зорлық – табысқа да, дінге де байланысты емес
Ол Қазақстанға алғаш рет Салтанат Нүкенова өліміне қатысты сот процесі кезінде келгенін айтады. Оның сөзінше, бұл іс тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың әлеуметтік мәртебеге тәуелді емес екенін айқын көрсетті. Тұрмыстағы зорлық кедей отбасыларда ғана емес, ауқатты, элиталық ортада да кездеседі. Мұндай жағдайлар көбіне жасырын қалады. Әсіресе билікке жақын ер адамдардың айналасында екіжүзділік басым болып, зорлық-зомбылық көп жағдайда жабулы қазан күйінде қалады.
Сонымен қатар ол тұрмыстағы зорлықты дінмен байланыстыру түбегейлі қате екенін баса айтты.
«Мұсылмандарда, христиандарда немесе буддистерде зорлық көбірек болады деу – жаңсақ пікір. Зорлықтың діні жоқ. Ол үйдің ішінде болады», – дейді Джиен.
Оның түсіндіруінше, мәселенің түп-тамыры – патриархалды жүйеде. Бұл жүйе ұзақ жылдар бойы әйелдердің құқықтарын шектеп, оларды қаржылық әрі әлеуметтік тұрғыдан ер адамға тәуелді етіп келді.
Қауіпті цикл
Зорлық әрдайым белгілі бір циклмен өрбиді:
бақылау → қысым → физикалық күш → кешірім сұрау, уәде беру → қайтадан зорлық.
Уақыт өте бұл цикл қысқарып, әйелдің өміріне төнетін қауіп арта түседі.
Өзін-өзі қорғауда бастысы – күш емес, ақыл
ММА жаттықтырушысы өзін-өзі қорғауда бастысы – логика мен стратегия екенін айтады. Қашықтықты дұрыс сақтау, қорқынышыңды білдірмеу, қауіпті жағдайда мимен әрекет ету – өмірді сақтап қалатын негізгі дағдылар.
Негізгі қағида – қашықтықты басқару. Үш қашықтық бар: алыс, орта (ең қауіпті), жақын. Орта қашықтықта қалмау керек. Егер шегінуге мүмкіндік болмаса, шалқалап жатып, аяқпен қорғанған қауіпсіз.
Көшеде біреу аңдып келе жатқандай сезім болса, жүрісті жылдамдатпаңыз. 180 градусқа бұрылып, телефонды алып: «Сені көріп тұрмын, келе жатырмын» деп дауыстаңыз. Бұл аңдушыға жалғыз еместігіңізді аңғартады. Таксиде жүргізушінің артындағы орын қауіпсіздеу, ал қоғамдық көлікте шығатын есік пен дабыл түймесіне жақын тұрған дұрыс.
Қазақстан туралы пікірі
«Қазақстанда өзімді қауіпсіз сезінемін. Адамдар ілтипатты, түнде көшеде еркін жүрдім», – дейді ол.
Оның айтуынша, кең тротуарлар мен ашық кеңістік тәуекелді азайтады.
Ол қазақстандық әйелдердің ішкі қуатына, дәстүр мен заманауи өмірді қатар алып жүргеніне жоғары баға берді.
Қазақстанда не істегісі келеді
Ол әйелдермен жұмысын жалғастырып, менталдық және физикалық саулықты қатар дамытуға үлес қосуды көздейді. Әйелдер денсаулығы, көшбасшылық, ММА арқылы қорғану дағдыларын университеттерде, спорт клубтарында, ауылдарда оқытқысы келеді. Әсіресе мұғалім, дәрігер, жолсерік секілді адамдармен көп байланыста болатын мамандықтарға мән бермек.
Джиен қазақ халқына деген сүйіспеншілігін жасырмайды.
«Бұл ел қазір қарқынды өзгеріп жатыр. Мен дәл осы кезеңде сонда болғым келеді», – деп түйіндеді ол.