$ 489.31 € 568.33 ₽ 6.63

LRT шығындары Үкімет резервінен заңсыз қаржыландырылды – Жоғары аудиторлық палата

Редакция
03 маусым 2026, 10:21
LRT шығындары Үкімет резервінен заңсыз қаржыландырылды – Жоғары аудиторлық палата Сурет авторы: cmn.kz

Астана қаласындағы жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасын қаржыландыру үшін шығарылған облигациялық қарыз бойынша міндеттемелерді өтеуге Үкімет резервінен 10,2 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі Үкімет есебіне берген қорытындысында айтылды.

Аудиторлардың мәліметінше, Үкімет резервінен бөлінген қаражаттың бір бөлігі алдын ала болжануы мүмкін шығындарды жабуға бағытталған. ЖАП мұндай шығыстардың күтпеген сипатқа ие болмағанын және оларды бюджетті жоспарлау кезеңінде қарастыру қажет болғанын атап өтті.

«LRT құрылысына қатысты облигациялық қарыз бойынша міндеттемелерді өтеу үшін Астана қаласы әкімдігіне Үкімет резервінен 10,2 млрд теңге бөлінді. Аталған шығындар жоспарлы тәртіпте бюджетте көзделуі тиіс еді», – делінген палата қорытындысында.

Жоғары аудиторлық палата Үкімет резервінің негізгі мақсаты күтпеген және шұғыл шығындарды қаржыландыру екенін еске салды. Сондықтан алдын ала белгілі болған қаржылық міндеттемелерді жабу үшін резерв қаражатын пайдалану бюджеттік жоспарлаудың тиімділігіне қатысты сұрақтар туындататынын атап өтті.

Айта кетейік, Астанадағы LRT жобасы бірнеше жылдан бері елдегі ең ірі инфрақұрылымдық бастамалардың бірі саналады. Жобаны жүзеге асыру барысында қаржыландыру мәселелері мен құрылыс мерзімдерінің өзгеруі қоғам назарында болып келеді.

Соңғы жаңалықтар