$ 489.31 € 568.33 ₽ 6.63

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетеді – сарапшылар

Редакция
04 маусым 2026, 11:02
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетеді – сарапшылар Сурет авторы: Magnific.com

Қазақстан қаржыгерлерінің басым бөлігі Ұлттық банк 5 маусымда базалық мөлшерлемені 18%-дан 17,5%-ға дейін төмендетеді деп болжап отыр. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының  маусым айындағы сауалнамасында айтылған. 

Сауалнамаға қатысқандардың 59%-ы мөлшерлеме төмендейді деп есептейді. Ал қалғандары инфляция әлі де жоғары болғандықтан, Ұлттық банк көрсеткішті қазіргі деңгейде қалдыруы мүмкін дейді.

Қаржыгерлердің бағалауынша, алдағы 12 айға арналған инфляциялық күтулер 10,7%-дан 10,6%-ға дейін аздап төмендеген. Бұған соңғы айларда инфляцияның баяулауы және Ұлттық банктің қатаң ақша-несие саясаты әсер еткен.

Сонымен қатар сарапшылар тарифтердің қымбаттауы бағаның өсуіне ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті.

Нарық қатысушылары келесі жылы базалық мөлшерлеме 15,75%-ға дейін төмендейді деп күтеді. Бұл нарық қатысушылары Ұлттық банк алдағы уақытта базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендетеді деп күтетінін көрсетеді.

Еске салайық, 24 сәуірде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені үшінші рет қатарынан 18% деңгейінде сақтап қалды. Ол кезде реттеуші экономикадағы инфляциялық қысымның әлі де жоғары екенін, ал жылдық инфляция 11% болғанын атап өткен. Ұлттық банктің келесі отырысы 24 шілдеде өтеді. Биыл бұдан кейін тағы үш отырыс жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар