$ 489.31 € 568.33 ₽ 6.63

Бишімбаев пен Мәсімов амнистияға іліге ме: ІІМ жауап берді

Редакция
03 маусым 2026, 15:13
Бишімбаев пен Мәсімов амнистияға іліге ме: ІІМ жауап берді Сурет авторы: Qrnews

Қазақстанда талқыланып жатқан амнистия туралы заң жобасы Қуандық Бишімбаев, Кәрім Мәсімов, Перизат Қайрат және Шавкат Рахмоновтың жұбайына қолданылмайды. Бұл туралы Мәжілістегі брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.

Оның айтуынша, Қылмыстық кодекстің 78-бабы терроризм, экстремизм, мемлекеттік сатқындық, жемқорлық және қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар бойынша сотталғандарға амнистия қолдануға тыйым салады.

«Бұл тұлғаларға қатысты жауабым – үзілді-кесілді жоқ. Оларға амнистия қолдану мәселесі қаралмайды», – деді Әділов.

Шавкат Рахмоновтың жұбайына қатысты ІІМ өкілі амнистия тек қылмыстық теріс қылықтар мен ауырлығы жеңіл немесе орташа қылмыстарға ғана қолданылатынын айтты. Оның басты шарттарының бірі – келтірілген шығынның толық өтелуі. Алайда бұл істе шығын өтелмегендіктен, оған амнистия беру мәселесі қаралмайды.

Айта кетейік, Кәрім Мәсімовке мемлекеттік сатқындық, билікті күшпен басып алуға талпыныс және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану баптары бойынша 18 жыл жаза тағайындалған. Қуандық Бишімбаев кісі өлтіру мен азаптау ісі үшін 24 жылға сотталды. Перизат Қайрат аса ірі көлемдегі алаяқтық бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал Шавкат Рахмоновтың жұбайы екі адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша кінәлі деп танылып, оған тағайындалған жаза 5 жылға шегерілген.

Соңғы жаңалықтар