$ 489.31 € 568.33 ₽ 6.63

Ұлттық қор – балаларға: Миллиондаған доллар қаржы игерілмей отыр

Редакция
03 маусым 2026, 09:56
Ұлттық қор – балаларға: Миллиондаған доллар қаржы игерілмей отыр Сурет авторы: Magnific.com

Қазақстандағы «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында жиналған қаражаттың басым бөлігі игерілмей отыр. Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысына сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 2024 жылы есептелген 30,6 млн доллардың шамамен 26 млн доллары немесе 84,9%-ы пайдаланылмаған.

Аудиторлар мұндай жағдай қаражаттың экономикаға тартылуын тежейтінін атап өтті. Қазіргі ережеге сай, игерілмеген қаражатты зейнетақы шотына тек оны қолдану құқығы туғаннан кейін 10 жыл өткен соң ғана аударуға болады. Соның салдарынан қаржы ұзақ уақыт қолданыссыз қалады.

Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата сұранысқа ие болмай жатқан жинақтарды зейнетақы активтері тәрізді инвестициялау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы 2024 жылдан бері жұмыс істейді. Оның аясында 2006 жылдан кейін туған қазақстандық балалардың шотына Ұлттық қордың инвестициялық табысының бір бөлігі аударылады. Қаражатты 18 жасқа толған соң тек тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алуға жұмсауға болады.

Бағдарламаға бүгінде 6,9 млн-нан астам бала қатысады. Алайда аудит дерегінше, 2023–2024 жылдары жиналған 106,2 млн доллардың шамамен 74,6 млн доллары әлі де игерілмеген күйде қалып отыр.

Соңғы жаңалықтар