$ 452.59 € 507.67 ₽ 5.48

Қазақстанда маймыл шешегінің таралу қаупі қандай? Министрлік жауап берді

Абдрахманов Мағжан
19 қазан 2026, 11:19
Қазақстанда маймыл шешегінің таралу қаупі қандай? Министрлік жауап берді Сурет авторы: ашық дереккөзден

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі маймыл шешегінің (Mpox) елге әкеліну қаупін жоққа шығармайды. Осыған байланысты мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді. Дегенмен министрлік инфекцияның халық арасында кең таралу қаупін төмен деп бағалап отыр.

Ведомствоның мәліметінше, әлемнің бірқатар елінде Mpox жағдайлары тіркеліп жатыр. Қазақстанның халықаралық көлік қатынасы белсенді болғандықтан, инфекцияның ел аумағына сырттан әкелінуі мүмкін.

Қазір шекарадағы өткізу бекеттерінде бақылау күшейтіліп, ауру тіркелген елдердегі эпидемиологиялық жағдай мен сол мемлекеттерден келген азаматтарға бақылау жүргізіліп жатыр. Өткізу бекеттері дене қызуын жанаспай өлшейтін құралдармен жабдықталған.

Медициналық ұйымдар мен зертханалар да инфекцияны дер кезінде анықтап, зерттеуге дайындалған. Министрліктің хабарлауынша, әзірге әуе, теміржол және басқа көлік түрлерінде жүргізілген санитариялық-карантиндік бақылау кезінде аса қауіпті инфекция жұқтырған немесе жұқтырды деген күдікке ілінген адам анықталмаған.

Mpox көбіне инфекция жұқтырған адаммен тығыз қарым-қатынас кезінде, соның ішінде терідегі бөртпеге және биологиялық сұйықтықтарға жанасу арқылы тарайды. Вирус жұққан адамның киімі, төсек-орны мен жеке заттары арқылы да жұғуы мүмкін.

Аурудың негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, бас пен бұлшықеттің ауыруы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы және теріде бөртпенің пайда болуы жатады.

Министрлік түсініксіз бөртпесі немесе жұқпалы ауру белгілері бар адамдармен жақын қарым-қатынастан аулақ болуды, жеке заттарды ортақ пайдаланбауды және жеке тазалық талаптарын сақтауды ұсынды. Мұндай белгілер шетел сапарынан кейін байқалса, дәрігерге жүгініп, барған елдер мен ықтимал байланыстар туралы хабарлау қажет.

Бұған дейін Ресейде Mpox-қа байланысты бірнеше адам ауруханаға жеткізілген. Мәскеу облысында инфекция жұқтырды деген күдік болған адаммен байланыста болған бес адам бақылауға алынған, алайда оларда ауру белгілері болмаған. Санкт-Петербургте тағы бес адам Mpox жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылған.

Соңғы жаңалықтар