$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41

Еңбек министрі табысы мен мүлкін жариялап, отбасының санатын тексерді

Абдрахманов Мағжан
16 қазан 2026, 17:00
Еңбек министрі табысы мен мүлкін жариялап, отбасының санатын тексерді Сурет авторы: Еңбек министрлігі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев отбасының табысы мен мүлкі туралы деректерді тұрмыс деңгейін бағалайтын калькуляторға енгізіп көрді. Нәтижесінде оның отбасы В – «ауқатты» санатына жатқызылды.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында министрдің айына 1,2 млн теңге алатыны, ал жұбайының жұмыс істемейтіні айтылды. Ертаевтың төрт баласы бар. Үлкен балаларының екеуі жұмыс істейді және айына тиісінше 400 мың және 600 мың теңге табыс табады.

Министр отбасының мүлкі туралы да мәлімет берді. Оның Астанада екі пәтері бар: бірі – 100 шаршы метрлік үш бөлмелі, екіншісі – 60 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтер. Сондай-ақ отбасында Toyota Camry 50 автокөлігі бар.

Ертаевтың айтуынша, оның басқа жер телімдері мен кәсібі жоқ. Осы мәліметтердің барлығы калькуляторға енгізілгеннен кейін жүйе министрдің отбасын В санатына жатқызды.

Еңбек министрлігінің түсіндіруінше, В санатына тұрмыс деңгейі жоғары, ауқатты отбасылар кіреді. Бұл ретте санат бір ғана көрсеткіш бойынша анықталмайды. Отбасының табысы, жұмыспен қамтылуы, баспанасы, мүлкі, көлігі, несие міндеттемелері және басқа да көрсеткіштер бірге есепке алынады.

2027 жылдан бастап отбасының тұрмыс деңгейі бірқатар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау кезінде ескерілмек. Сондықтан А және В санатына кіретін отбасыларға кейбір бюджет төлемдері тағайындалмайды. Ал әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан жұмыс істейтін азаматтардың Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан алатын төлемдері сақталады.

Соңғы жаңалықтар