$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41

Отбасы неғұрлым мұқтаж болса, мемлекет көмегі соғұрлым артады – Еңбек министрі

Абдрахманов Мағжан
16 қазан 2026, 17:52
Отбасы неғұрлым мұқтаж болса, мемлекет көмегі соғұрлым артады – Еңбек министрі Сурет авторы: informburo.kz

Қазақстанда 2027 жылдан отбасыларды C, D және E санаттарына бөлу оларға көрсетілетін мемлекеттік көмектің көлемі мен түрін анықтау үшін қажет. Отбасының жағдайы неғұрлым қиын болса, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау да соғұрлым күшейеді. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтты.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бірқатар мемлекеттік жәрдемақы отбасының мұқтаждығы ескеріле отырып тағайындалады. Отбасылар тұрмыс деңгейіне қарай А, В, C, D және E санаттарына бөлінеді. А және В санаттары тұрмысы жоғары отбасылар ретінде бағаланады.

Министрдің айтуынша, C, D және E санаттарының болуы тек жәрдемақының көлемін анықтау үшін қажет емес. D және E санатындағы отбасыларға жұмысқа орналасуға көмектесу күшейтіледі.

«Отбасы неғұрлым осал болса, мемлекеттік қолдау шаралары соғұрлым күшейеді. Бірден атап өткім келеді: бұл жерде бірінші кезекте жәрдемақы туралы айтып отырған жоқпыз. D және E санаттарына қатысты жұмыспен қамту мәселесін күшейтеміз», – деді Асқарбек Ертаев.

Министрлік жүргізген талдауға сәйкес, Е санатындағы отбасыларда негізгі мәселенің бірі – уақытша жұмыспен қамтылу немесе отбасында еңбекке қабілетті адамның болмауы.

Егер отбасында еңбекке қабілетті адам болса, оған жаңа дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беріледі. Мансап орталықтары мұндай отбасылармен жұмыс істеу тәсілін де өзгерте бастаған. Олар азаматты бір рет жұмысқа жолдаумен шектелмей, тұрақты жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеуді көздейді.

Осылайша, C, D және E санаттарына бөлу мемлекетке отбасының нақты мәселесіне қарай көмек көрсетуге мүмкіндік бермек. Біріне әлеуметтік төлем қажет болса, екіншісіне жұмыс табу немесе жаңа кәсіп меңгеру бойынша қолдау көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар