$ 451.05 € 504.95 ₽ 5.6

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕГІ МЕДИА: ШЫНАЙЫ АҚПАРАТ ЖӘНЕ ЖАУАПТЫ СӨЗ

Редакция
25 қазан 2026, 12:32
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕГІ МЕДИА: ШЫНАЙЫ АҚПАРАТ ЖӘНЕ ЖАУАПТЫ СӨЗ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жасанды интеллектінің кеңінен таралуы кез келген мамандыққа, соның ішінде сіздердің кәсіптеріңізге де мүлдем жаңа талаптар қояды», — деп, медиа саласының технологиялық өзгерістерге бейімделуінің маңызына ерекше көңіл бөліп келеді.

Жаңа технологиялардың мүмкіндігін кәсіби жауапкершілікпен ұштастыру, ақпараттың шынайылығын қамтамасыз ету және ұлттық медианың әлеуетін күшейту мәселелері Астанада өткен республикалық медиафорумның негізгі арқауына айналды.

2026 жылғы 24 қазанда «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының қолдауымен «Жасанды интеллект дәуіріндегі медиа: шынайы ақпарат, жауапты сөз» атты республикалық медиафорум өтті.

Форумға бас редакторлар, журналистер, медиаменеджерлер, депутаттар, мемлекеттік қызметшілер мен білім саласының өкілдері қатысты. Басқосуда жасанды интеллектінің ұлттық медиаға ықпалы, редакциялардың технологиялық жаңаруы, ақпараттың шынайылығы және отандық медианың экономикалық тұрақтылығы талқыланды.

Форумды ашқан Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай цифрлық өзгерістер жағдайында журналистиканың қоғам алдындағы жауапкершілігі арта түсетінін атап өтті.

«Мәтіннің сауатты жазылуы оның шынайылығына кепіл бола алмайды. Сенімді естілген дауыс пен нанымды көрінген бейне де тексеруді қажет етеді. Сондықтан редакциядағы әрбір шешімнің негізінде дерекке ұқыптылық, адамға құрмет және қоғам алдындағы жауапкершілік тұруға тиіс», — деді Бибігүл Жексенбай.

«Бүгін айтылған ұсыныстар форумнан кейін нақты әріптестікке ұласса, басқосуымыздың нәтижесі де соғұрлым мәнді болады», — деді Бибігүл Жексенбай.

Жасанды интеллект: редакцияның жаңа мүмкіндіктері

«Жасанды интеллект және редакция: жаңа мүмкіндіктер, кәсіби жауапкершілік» тақырыбындағы панельдік сессияда қатысушылар ЖИ құралдарын күнделікті жұмысқа енгізу тәжірибелерімен бөлісті. Контент пен анимация жасау, ақпараттың дұрыстығын тексеру, материалдарды әртүрлі платформаларға бейімдеу және авторлық құқық мәселелері қарастырылды.

Клуб вице президенті Мұратбек Тоқтағазин, жасанды интеллектіні редакциялық жұмысқа енгізу барысында адам бақылауын сақтау, авторлық еңбекті құрметтеу, жеке деректерді қорғау және аудиторияға ашық болу қажеттігін жеткізді. Ол редакцияларда жаңа технологияларды жауапты қолдану жөніндегі кәсіби ұсынымдарды талқылауды, мамандардың біліктілігін арттыруды, қазақ тіліндегі сапалы контентті дамытуды және медиасауаттылықты қолдауды ұсынды.

Бас редакторлар клубының мүшесі, республикалық  "Человек и закон" газетінің бас редакторы Марат Башимов Жасанды интеллект дәуірінде адам құқықтарын қорғау, қоғамдық қатынастарды реттеу және технологияларды жауапкершілікпен пайдалану мәселелері айрықша маңызға ие. Сондықтан бұл саладағы қатынастардың құқықтық тұрғыдан реттелуі – уақыт талабы. Еуропалық Одақ бұл бағытта нақты қадамдар жасап келеді. Жасанды интеллект адам құқықтарына тікелей қатысты болғандықтан, оны құқықтық реттеу мәселесі еліміздің Конституциясы мен қолданыстағы заңнамасы тұрғысынан да маңыздыекендігіне назар аударды.

Іскер медиаменеджер Зарина Қуатова өңірлік телевизияда жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесімен бөлісті. «TARAZ24» пен «KORDAY24» арналарында 2023 жылдан бері AI-диктор қолданылып келе жатқанына тоқталып, қазір ЖИ көмегімен актерсіз, арнайы түсірілімсіз-ақ бейнероликтер дайындайтындарын, бұрын үлкен бюджет керек болса, қазір тың идея мен технологияны меңгеру маңызды екендігіне екпін түсіре айтты. Жасанды интеллектінің мұрағат материалдарын жаңа форматта ұсынуға, күрделі деректерді түсінікті жеткізуге және сапалы контентті түрлі аудиторияға бейімдеуге мүмкіндік беретінін айтты, редакция жұмысында жаңа технологияларды қолданудың практикалық мүмкіндіктеріне тоқталды.

Кәсіби медиатренер Айна Задабек ЖИ қарқынды дамыған қазіргі дәуірде ақпараттың шынайылығын тексеру, яғни фактчекинг бұрынғыдан да маңызды мәселеге айналғанына, қазіргі таңда ЖИ  күнделікті жұмысымызды едәуір жеңілдетіп, уақытымызды үнемдеуге үлкен мүмкіндік беріп отырғанын, дегенмен, осы үнемделген уақытты біз алдағы уақытта дәл осы фактчекингке жұмсауымыз заман талабы мен өзекті қажеттілік,-деді. Мұнда уақыт пен еңбек балансы назарда болуы тиіс. Егер қандай да бір мәтінді жазуда жұмысыңыздың 80 пайызы жасанды интеллект арқылы орындалып, уақытыңыздың 80 пайызы үнемделсе, осы үнемделген уақыттың жартысынан астамын алынған деректердің дәлдігін тексеруге (фактчекингке) арнау керек. Фактчекинг мәселесіне жай ғана үстірт қарамай, ЖИ-дің жалған ақпарат беруі, қателесуі және «өтірік айту» себептерін, оның ішкі табиғатын зерттеуге назар аударып, соның нәтижесінде анықталған негізгі түйткілдерді сараптады.

Белгілі медиаменеджер Кемелбек Ойшыбаев жасанды интеллектіні жауапты қолдану, оның медиаға ашатын жаңа мүмкіндіктері және табыс табу көздері жөнінде ой бөлісті. Ол технологиялық өзгерістер жағдайында отандық медианың экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету, жарнама нарығындағы бәсекеге бейімделу және кіріс көздерін әртараптандыру мәселелерін көтерді.

Jibek Joly / Silk Way телеарнасының басқарушы директоры Нағашыбек Алдан:

«Жасанды интеллект бүгінде медиа саласының ажырамас бөлігіне айналып келеді. Ол журналистердің жұмысын жеңілдетіп, контент өндіру жылдамдығын арттыруға және жаңа форматтарды, жаңа бағыттарды дамытуға мүмкіндік береді. Алайда технология қаншалықты дамыса да, ақпараттың шынайылығы, редакциялық жауапкершілік пен аудитория сенімі басты орында қалуы тиіс. Сондықтан біздің міндетіміз – жасанды интеллектіні жай ғана қолдану емес, оны ұлттық медианың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын тиімді құралға айналдыру. Бұл ретте технологиялық мүмкіндіктермен қатар, оның тәуекелдерін де ескеру маңызды», – деп атап көрсетті.

Qrnews ақпараттық порталының директоры Сапарғали Қанат «Портал қызметіндегі жасанды интеллект: қолдану мүмкіндіктері мен тиімділік перспективалары» тақырыбында презентация жасап, ақпараттық порталдардың жұмысында жасанды интеллектіні қолдану жолдарына тоқталды. Ол ақпаратты жинау және сұрыптау, жаңалықтарды редакциялау, аударма жасау, мәтінді қысқарту, аудионы мәтінге айналдыру және аудиторияның қызығушылығын талдау бағыттарындағы мүмкіндіктерді таныстырды.

Сондай-ақ Qrnews ақпараттық порталының жұмысы мысалында жаңалықтарды әлеуметтік желілерге бейімдеу, бір материалдан бірнеше форматтағы контент әзірлеу, қысқа видеоларға мәтін дайындау және жарияланымдардың тиімділігін бағалау тәсілдерін түсіндірді. Қанат Сапарғалидің айтуынша, жасанды интеллект редакцияның жұмысын оңтайландырып, журналистердің уақытын үнемдеуге және контентті түрлі форматта жедел ұсынуға көмектеседі. Алайда жалған ақпараттың таралуы, деректер қауіпсіздігі және қате аударма сияқты тәуекелдерге байланысты ЖИ жасаған материалдарды тексеру мен редакциялық бақылау маңызды болып қала береді. Презентация барысында жасанды интеллект журналисті алмастыратын құрал емес, оның жұмысын жеңілдетіп, ақпаратты тереңірек зерттеуге мүмкіндік беретін көмекші технология екені атап өтілді.

Талқылау барысында жасанды интеллектінің ақпаратты жинау мен өңдеу, мәтінді бейімдеу және тарату сияқты міндеттерді жеңілдететіні айтылды. Бұл журналистерге оқиға орнынан хабар таратуға, эксклюзивті сұхбаттар мен зерттеу материалдарын әзірлеуге, талдау мен деректерді тексеруге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.

Медиафорумға қатысушылар жарнама қаражатының жаһандық цифрлық платформаларға бағытталуы ұлттық редакциялардың табысы мен технологиялық дамуына әсер ететініне де назар аударды. Осыған байланысты отандық медианың цифрлық құзыреттерін күшейту және сапалы журналистиканың тұрақты қаржылық негізін қалыптастыру қажеттігі айтылды.

Медиа мен білім: ортақ жауапкершілік

«Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте қордың қызметі мен білім беру жобаларын таныстырды. Оның баяндамасында «Ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасының нәтижелері айтылды. Жоба аясында 620 мектеп қамтылып, 7 073 мұғалім оқытылған, 484 жаңа оқу кабинеті ашылған.

Форум қатысушылары қордың заманауи білім беру инфрақұрылымымен, соның ішінде Spectrum халықаралық мектебімен танысты.

Алқалы басқосуда медиа мен білім беру ұйымдарының ынтымақтастығын дамытуға, жастардың ақпаратты саналы қабылдау дағдыларын қалыптастыруға мән берілді. Дерек пен пікірді ажырату, ақпарат көзін тексеру және күмәнді хабарды таратпас бұрын оның дұрыстығына көз жеткізу медиасауаттылықтың маңызды құрамдастары ретінде аталды.

Клубтың басқару құрамы және жаңа әріптестік

Форум аясында Бас редакторлар клубының басқару құрамындағы өзгерістер жарияланды. Қуат Әуесбай, Айна Задабек және Сапарғали Қанат Клубтың вице-президенттері, ал Мақпал Адамбаева атқарушы директоры болып тағайындалғаны хабарланды.

Форум қорытындысында «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі мен «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат екі ұйымның әріптестігін нығайтуға, бірлескен жобаларды іске асыруға және медиа мен білім беру салалары арасындағы байланысты дамытуға бағытталған.

Кәсіби еңбекті құрметтеу және ұрпақтар сабақтастығы

Іс-шара аясында республиканың әр өңірінен келген үздік медиаменеджерлер, бас редакторлар, журналистер, медиатренерлер, баспасөз қызметінің мамандары мен медиа ұйымдары Бас редакторлар клубының марапаттарына ие болды.

Аға буын өкілдерінің еңбегін ұлықтауға айрықша мән берілді. Клубтың ең жоғары наградасы «АҚПАРАТ АРДАГЕРІ» медалі табысталды. Бұл марапат отандық журналистиканың дамуына сіңірген елеулі еңбегі үшін белгілі ардагер журналист, публицист Жанболат Аупбаевқа берілді.

Сондай-ақ дәстүрлі БАҚ пен цифрлық медиада танымал болған әріптестерге мынадай номинацияларда марапаттар табысталды: «Қазақстанның үздік медиаменеджері», «Қазақстанның үздік бас редакторы», «Қазақстанның үздік журналисі», «Қазақстанның үздік медиатренері», «Қазақстанның үздік медиамекемесі», «Баспасөз қызметінің үздігі», «Зерделі зерттеуші», «Үкілі үміт».

Республикалық медиафорум кәсіби тәжірибе алмасуға, медиа мен білім саласындағы әріптестікті кеңейтуге және ұлттық журналистиканың болашағына қатысты ортақ ұсыныстарды талқылауға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар медиафорум барысында осы алқалы жиынның өтуіне қаржылай қолдау білдірген Клуб мүшелері Бақыт Шойымбек, Есберген Алауханов пен Зарина Қуатоваға ризашылық білдірілді.

Соңғы жаңалықтар