$ 451.05 € 504.95 ₽ 5.6

Атырауда шенеунік пәтерінен өлі табылды

Абдрахманов Мағжан
24 қазан 2026, 18:41
Атырауда шенеунік пәтерінен өлі табылды Сурет авторы: Gov.kz

Атырауда Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің облыстық департаментін басқарған Бауыржан Асаинов өзі тұрған пәтерден өлі табылды. Оның өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр, деп хабарлады Атырау облысының полиция департаменті. 

Алдын ала мәлімет бойынша, Асаиновтың мәйіті 18 қазанда табылған. Оның қайтыс болғанын әріптестері де растаған: департаменттің ресми парақшасында көңіл айту жарияланды. 

«Ақ Жайық» басылымының дереккөздері мәйіт табылғанға дейін пәтерде шамамен екі апта жатқан болуы мүмкін екенін хабарлады. Басылым сондай-ақ Асаинов қайтыс болар алдында ағасымен жанжалдасуы мүмкін деген мәлімет таратты. Дереккөздердің айтуынша, жанжал кезінде ағасы оған соққы беріп, кейін пәтерден кетіп қалған болуы ықтимал. 

Алайда бұл мәліметтер ресми расталған жоқ. Асаиновтың өліміне аталған жанжалдың қатысы бар-жоғы және оның нақты неден қайтыс болғаны әзірге белгісіз. Полиция тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді. 

Бауыржан Асаинов Атырау облысы бойынша департаментті 2023 жылғы 4 қаңтардан бері басқарған. Бұған дейін прокуратура органдарында, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде жұмыс істеген. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ішкі қауіпсіздік басқармасын басқарған. 

Соңғы жаңалықтар