$ 451.05 € 504.95 ₽ 5.6

Тіс емдетуге барған үш жасар қыз жансақтау бөліміне түсті

Абдрахманов Мағжан
24 қазан 2026, 18:46
Тіс емдетуге барған үш жасар қыз жансақтау бөліміне түсті Сурет авторы: Pixabay

Павлодарда үш жасар қыз жеке стоматологияда тіс емдеткеннен кейін ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түсті. Бұл ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасы растады.

Баланың туысының айтуынша, оқиға 21 қазанда болған. Тіс емдеу кезінде қыздың жағдайы күрт нашарлап, тыныс алуы бұзылған. Туысы стоматология қызметкерлері балаға бірден көмек көрсетпегенін айтады. Алайда бұл мәліметке әзірге ресми баға берілген жоқ.

Облыстық балалар ауруханасының мәліметінше, үш жасар қыз жедел жәрдеммен аса ауыр жағдайда жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған. Қазір ол өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Дәрігерлер балаға қарқынды ем жүргізіп жатыр. Оның жағдайына байланысты ұлттық медициналық орталықтардың мамандарымен де кеңес өткізілген.

Стоматологиялық емханада оқиғаға байланысты қызметтік тексеру басталғанын хабарлады. Емхана өкілдері тексеру аяқталғанға дейін медицина қызметкерлерінің кінәсі туралы қорытынды жасамауға шақырды.

Оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары да анықтап жатыр. Тексеру нәтижесі бойынша құқықтық баға берілмек. Баланың жағдайының күрт нашарлауына нақты не себеп болғаны әзірге ресми түрде айтылған жоқ.

Соңғы жаңалықтар