$ 462.22 € 536.5 ₽ 5.43

Өлуге де ақша қажет: әр үшінші қазақстандық жақынын қарызсыз жерлей алмайды

Абдрахманов Мағжан
20 тамыз 2026, 13:22
Өлуге де ақша қажет: әр үшінші қазақстандық жақынын қарызсыз жерлей алмайды Сурет авторы: muftyat.kz

Қазақстандықтардың 34,7 пайызы жерлеу және басқа да салт-жоралғы шығындарын несие немесе қарыз алмай өтей алмайды. Мұндай дерек Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы халықтың тұрмыс сапасына қатысты зерттеуінде келтірілген.

Зерттеудегі сұрақ тек жерлеу рәсіміне емес, үйлену тойы, бала дүниеге келгенде және басқа да жағдайларда жасалатын салт-жоралғыларға қатысты қойылған. Сондықтан 34,7 пайыздық көрсеткішті тек жерлеу шығынына қатысты дерек ретінде қарастыруға болмайды. Дегенмен кейінгі бірнеше жылдағы мәлімет бойынша мұндай шығындарды қарызсыз көтере алатындардың үлесі 63-66 пайыз шамасында қалып отыр.

Қаржылық тұрғыдан ең осал топ – зейнеткерлер. Олардың 41,2 пайызы мұндай шығындарды қарыз алмай өтей алмайтынын айтқан. Ал 58,8 пайызы қажетті қаражатты өз мүмкіндігімен таба алатынын көрсеткен.

29-38 жас аралығындағы тұрғындардың жағдайы салыстырмалы түрде жақсы. Бұл топта сауалнамаға қатысқандардың 71,5 пайызы салт-жоралғы шығынын қарызсыз өтей алатынын айтқан.

Сонымен қатар Қазақстанда жерлеу қызметтеріне жұмсалған қаржы күрт өскен. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылы бұл саладағы қызмет көлемі 6,4 млрд теңге болса, 2025 жылы 22,2 млрд теңгеге жеткен. Бір жылдағы өсім – шамамен 3,5 есе.

Оның 7,4 млрд теңгесі жерлеу бюроларының қызметіне тиесілі. Ал жерлеу және кремация қызметтерінің көлемі 14,8 млрд теңгеден асқан. Бұл көрсеткіш бір жылда 5,6 есе өскен.

Алайда 22,2 млрд теңгеге жерлеуге байланысты барлық шығын кірмейді. Мәселен, киім, табыт, кілем және басқа да қажетті заттарды сатып алуға, сондай-ақ ас беруге жұмсалған қаражат бұл есепке қосылмаған.

2026 жылғы қаңтар-шілдеде жерлеу қызметтерінің бағасы бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 6,6 пайыз өскен. Өңірлер арасында айырмашылық бар. Мәселен, Ақтөбе облысында баға 20 пайыз қымбаттаса, бірқатар өңір мен Астанада өсім тіркелмеген.

Зерттеу қазақстандықтардың бір бөлігінде күтпеген шығынға арналған қаражат мүлде жоқ екенін де көрсеткен. Сауалнамаға қатысқандардың 17,5 пайызы қажет болған жағдайда 30-40 мың теңге көлеміндегі күтпеген шығынды да өз қаражатымен өтей алмайтынын айтқан. Зейнеткерлер арасында бұл көрсеткіш 21 пайызға жетеді.

Соңғы жаңалықтар