$ 460.13 € 532.6 ₽ 5.42

Түркістанда сегіз адам қауіпті дерт жұқтырды: көбі малдан тараған

Абдрахманов Мағжан
19 тамыз 2026, 12:44
Түркістанда сегіз адам қауіпті дерт жұқтырды: көбі малдан тараған Сурет авторы: egemen.kz

Түркістан облысында жыл басынан бері Конго-Қырым геморрагиялық безгегін жұқтырған 8 адам ауруханаға түскен. Олардың арасында Өзбекстан азаматтары да бар, деп жазды жергілікті «Отырар» басылымы.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышановтың айтуынша, науқастардың алтауы дертті малға күтім жасау және малмен байланыс кезінде жұқтырған. Тағы бір адамды ауласында шөп орып жүрген кезде кене шаққан.

«Ауру кенеден малға тарайды, одан малға күтім жасаған немесе мал сойған кезде адамға жұғады», – деді Нышанов.

Жыл басынан бері өңірде мамандар 35 мыңнан астам сынама алған. Соның нәтижесінде 55 кенеден Конго-Қырым безгегінің қоздырғышы анықталған.

Түркістан облысы Конго-Қырым геморрагиялық безгегі таралатын өңірлердің қатарына жатады. Ресми мәлімет бойынша, 2002 жылдан бері облыста осы ауруды жұқтырудың 39 жағдайы тіркелген. Көктем мен жазда кене шағуына байланысты дәрігерге жүгінетін тұрғындар саны көбейеді.

Соңғы жаңалықтар