$ 460.13 € 532.6 ₽ 5.42

Жамбыл облысындағы келіншектің ажалы «Барни» бисквитін бойкоттауға ұласты

Редакция
19 тамыз 2026, 16:22
Жамбыл облысындағы келіншектің ажалы «Барни» бисквитін бойкоттауға ұласты Сурет авторы: irecommend.ru

Жамбыл облысында 19 жастағы Мадина Рашидқызының қазасы бүкіл елді дүр сілкіндірді. Марқұмның жақындары мен желі қолданушыларының сөзінше, жас ана тұрмыстық керіс кезінде күйеуінен сұмдық соққы жеген. Ал жанжалға «Барни» тәттісі себеп болған деген ақпарат Казнетте үлкен наразылық тудырды, деп хабарлайды Курсив.

Қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде күтпеген науқан басталды. Кейбір қолданушылар мен дүкен иелері қылмыскерді жазалаумен қатар, «Барни» брендіне бойкот жариялап, өнімді дүкен сөрелерінен демонстрациялық түрде алып тастай бастады.

Дегенмен бұл бастама коучтар, психологтар мен қоғам белсенділері тарапынан қатаң сынға ұшырады. Пікір көшбасшылары басты назарды заң бұзған қылмыскерден бейтарап затқа бұру - қауіпті үрдіс екенін айтып дабыл қағуда. Желіде «Жазасыздықты тоқтату керек, тәттіні емес» деген жазбалар тарай бастады. Сарапшылардың пікірінше, 160 теңгелік өнімді айыптау тұрмыстық зорлық-зомбылық, туыстардың үнсіздігі мен қоғамдағы нақты мәселелерді бүркемелеуге алып келеді.

Ендігі кезекте қолданушылар құрғақ бойкоттың орнына өндірушілер мен сауда орындарын әлеуметтік жауапкершілік танытып, дағдарыс орталықтарымен бірге жас аналарға көмек көрсететін жобаларды қолға алуға шақыруда.

Соңғы жаңалықтар