$ 460.13 € 532.6 ₽ 5.42

Сот Әділет Зейнелді жәбірленушілер қатарынан шығарудан бас тартты

Абдрахманов Мағжан
18 тамыз 2026, 18:02
Сот Әділет Зейнелді жәбірленушілер қатарынан шығарудан бас тартты Сурет авторы: Liter.kz

Астана соты марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі Әділет Зейнелді іс бойынша жәбірленушілер қатарынан шығару туралы өтінішті қанағаттандырмады.

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты алдын ала тыңдау өтіп жатыр. Әділет Зейнелдің өкілі Мұрат Мауметов оның жәбірленуші ретінде сотқа қатысуын тоқтатуды сұрады.

Адвокаттың айтуынша, Ұлдана қайтыс болған кезде Әділет Зейнел оның заңды некедегі күйеуі болғандықтан, іс бойынша жәбірленушінің өкілі деп танылған. Қазір марқұмның анасы да жәбірленуші деп танылған.

«Зейнел осы қылмыстық іс бойынша жәбірленушінің құқықтарын марқұмның анасы жүзеге асыруына қарсы емес. Екеуінің арасындағы келісімге сәйкес, анасы осы іс бойынша жәбірленушінің құқықтарын жүзеге асырғысы келеді», – деді адвокат.

Алайда судья өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.

Іс бойынша Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Сәуле Жұбаниязова сотталушы деп танылған. Оған Қылмыстық кодекстің 254-бабы – «Міндеттеріне адал қарамау» бойынша айып тағылған.

Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып түскен. Бес адам зардап шекті. Олардың арасында оқиға орнына келген екі фельдшер болған.

23 жастағы Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алып, 18 қарашада ауруханада көз жұмды.

Соңғы жаңалықтар