$ 462.22 € 536.5 ₽ 5.43

Енді ұялы байланыс операторлары тариф бағасын аяқ астынан қымбаттата алмайды

Наурызбек Лесов
20 тамыз 2026, 11:19
Енді ұялы байланыс операторлары тариф бағасын аяқ астынан қымбаттата алмайды Сурет авторы: istock

Қазақстанда 20 тамыздан бастап ұялы байланыс операторларына қойылатын жаңа талаптар күшіне енді. Енді оператор тариф бағасын көтеруді жоспарласа, бұл туралы абонентке кемінде 60 күн бұрын хабарлауға міндетті.

Жаңа ережеге сәйкес, тарифтің қымбаттайтыны туралы ақпарат абоненттің нөміріне қысқа хабарлама арқылы жіберіліп, оператордың ресми интернет-ресурсында жариялануға тиіс.

Сонымен қатар байланыс операторларына әлеуметтік және мемлекеттік маңызы бар мобильді қосымшаларға тәулік бойы тегін қолжетімділікті қамтамасыз ету міндеті жүктеледі. Телекоммуникациялар комитетінің өкілі Айнұр Бисенбаеваның айтуынша, тиісті қосымшалардың нақты тізімі әзірленіп жатыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, оған eGov, eGov Business, eOtinish және Aitu қосымшалары енгізіледі.

20 тамыздан бастап ұялы телефондарды сатуға қатысты талаптар да күшейтілді. Сатушы құрылғыны өткізбес бұрын оның сәйкестендіру кодтарын деректер қорынан тексеріп, телефонға қандай да бір шектеу немесе бұғаттау қойылған-қойылмағанын анықтауға міндетті. Құрылғының сәйкестендіру коды сатып алуды растайтын құжатта да көрсетілуі керек.

Бұдан бөлек, енді ұялы байланыс операторымен шарт жасасу үшін абонент биометриялық сәйкестендіруден өтуге тиіс.

Сарапшылар тарифтің қымбаттайтыны туралы алдын ала хабарлау тұтынушыға басқа тарифті немесе операторды таңдауға уақыт береді деп есептейді. Сонымен қатар байланыс сапасын жақсарту мен бағаны тежеу үшін нарықтағы бәсекені арттыру қажет екенін айтады.

Соңғы жаңалықтар