$ 460.13 € 532.6 ₽ 5.42

«Бейбітшілік салтанат құруға тиіс»: Тоқаев Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымын айтты

Абдрахманов Мағжан
19 тамыз 2026, 14:53
«Бейбітшілік салтанат құруға тиіс»: Тоқаев Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымын айтты Сурет авторы: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан күрделі геосаяси ахуалға қарамастан бейбіт сыртқы саясат ұстанатынын мәлімдеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында тоғыз елдің төтенше және өкілетті елшілерінен сенім грамоталарын қабылдау рәсімінде айтты.

Президенттің сөзінше, Қазақстан Орталық Азияда және одан тыс жерлерде бейбітшілік пен қауіпсіздықты сақтап, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға күш салады.

«Өздеріңізге мәлім, Қазақстан қазіргідей аса күрделі геосаяси жағдайда бейбіт сыртқы саясат жүргізіп келеді. Біз бейбітшілік салтанат құруға тиіс деп санаймыз. Сондықтан Орталық Азияда да, одан тысқары жерлерде де бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтап, ынтымақтастықты өрбіту үшін қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасаймыз», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның экономикалық әлеуетіне де тоқталып, ел шетелден инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасауды жалғастыратынын жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан шетелдік кәсіпкерлер мен ірі халықаралық компанияларға ашық.

«Шетелдік инвестицияға қатысты ашық есік саясатын дәйекті түрде жалғастыруға ниеттіміз», – деді Президент.

Тоқаев елде жүргізіліп жатқан саяси реформалар туралы да айтып, оның қисынды жалғасы «тарихи Құрылтай сайлауы» болатынын атап өтті.

Президент Қазақстандағы өзгерістер халықаралық қоғамдастықпен ынтымақтастықты нығайтуға жаңа мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Сондай-ақ Астананың елшілер өкілдік ететін мемлекеттермен қарым-қатынасты нығайтып, ықпалдастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін айтты.

Соңғы жаңалықтар