$ 461.39 € 534.75 ₽ 5.45

Қазақстанда АЭС салатын «Росатомның» Мысырдағы жобасына қатысты сын айтылды

Абдрахманов Мағжан
18 тамыз 2026, 09:50
Қазақстанда АЭС салатын «Росатомның» Мысырдағы жобасына қатысты сын айтылды Сурет авторы: Azattyq Ryhy коллажы

Мысырдың Атом электр станциялары басқармасы «Росатомға» Эль-Дабаа атом электр станциясын салу кезінде қауіпсіздік талаптары сақталмағаны жөнінде шағым айтқан. Бұл туралы құжаттарға сүйенген Politico басылымы жазды.

Басылым мәліметінше, Мысыр тарапы биыл маусымда ресейлік компания басшылығына хат жолдаған. Онда бірнеше реактор блогындағы «ақаулар» мен «ядролық қауіпсіздік мәдениетінің» сақталмауы туралы айтылған.

Құжатта жобаға жауапты лауазымды тұлғалардың бірінің «әдейі салғырттық танытқаны» туралы да жазылған. Сонымен қатар жұмыс орнында мас күйінде болған қызметкерлер анықталғаны көрсетілген.

Politico қолына түскен басқа құжаттарда құрылыс жұмыстарының кешігуі мен инженерлік мәселелер сөз болған. Олардың бір бөлігі «Росатомның» өз тексерістері кезінде анықталғаны айтылады.

«Росатом» Politico жариялаған мәліметтерді жоққа шығарды. Компания Мысыр тарапынан осындай шағымдар түскені туралы ақпаратпен келіспейтінін мәлімдеді.

«Росатом» Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салатын халықаралық консорциумның жетекшісі ретінде таңдалған. Сондықтан компанияның басқа елдердегі атом энергетикасы жобаларына қатысты қауіпсіздік мәселелері Қазақстан үшін де назар аударарлық.

Соңғы жаңалықтар