$ 462.22 € 536.5 ₽ 5.43

Тоқаев Қазақстанның минералдық қорын мемлекет мүддесіне пайдалануды тапсырды

Абдрахманов Мағжан
20 тамыз 2026, 15:17
Тоқаев Қазақстанның минералдық қорын мемлекет мүддесіне пайдалануды тапсырды Сурет авторы: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен аса маңызды минералдар мен сирек кездесетін металдар саласын дамыту мәселелері бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлады Ақорда.

Мемлекет басшысы Қазақстанның ресурс және өндіріс әлеуеті жағынан Орталық Азияда көш бастап тұрғанын айтып, бұл мүмкіндікті мемлекет мүддесіне тиімді пайдалану қажет екенін атап өтті.

«Қазба байлығы мол елдер үшін әлемдегі қазіргі ахуал тиімді әрі бірегей мүмкіндіктерге жол ашып отыр», – деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, әлемде аса маңызды материалдарға қол жеткізу үшін мемлекеттер арасындағы бәсеке күшейіп келеді. Мұндай шикізат жоғары технологиялық өндірістерді дамыту үшін стратегиялық маңызға ие.

Осыған байланысты Президент Қазақстанның қолда бар ресурстары мен өнеркәсіп әлеуетін тиімді пайдаланып, өндіріс тізбегін дәйекті түрде дамыту қажет екенін айтты.

Жиында Үкімет мүшелері саланың қазіргі жағдайы, минералдық қорларды игеру мүмкіндігі, қайта өңдеуді дамыту және осы бағыттағы кедергілер туралы есеп берді.

Отырыс қорытындысында Тоқаев Үкімет пен тиісті мемлекеттік органдарға геологиялық барлау мен өңдеуді дамыту, техногенді минералдық түзілімдерді экономикалық айналымға енгізу, зертханалар мен мамандар әлеуетін күшейту жөнінде тапсырма берді.

Сондай-ақ саладағы реттеу тетіктерін жетілдіріп, әкімшілік кедергілерді жою міндеті қойылды.

Соңғы жаңалықтар