$ 460.13 € 532.6 ₽ 5.42

700 мың теңге пара алған: Шымкентте бұрынғы полиция қызметкеріне 23,5 млн теңге айыппұл салынды

Наурызбек Лесов
19 тамыз 2026, 15:55
700 мың теңге пара алған: Шымкентте бұрынғы полиция қызметкеріне 23,5 млн теңге айыппұл салынды Сурет авторы: primeminister.kz

Шымкентте қалалық Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарған Жеңіс Әуелбеков пара алғаны үшін сотталды. Оған түпкілікті 23 млн 531 мың 200 теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Сот кабинетінің деректерінде көрсетілген.

Іс материалдарына сәйкес, Әуелбековке бірнеше рет пара алды деген айып тағылған. Маусымда ол Қытайдың 18 азаматына визаны жедел рәсімдеу үшін 600 мың теңге алған. Бір аптадан кейін тағы үш шетел азаматының құжаттарын рәсімдеу үшін 100 мың теңге алған. Параның жалпы сомасы 700 мың теңгені құрады.

Сот отырысында Әуелбеков кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтқан.

Сот бастапқыда оған 24,5 млн теңге айыппұл тағайындады. Қамауда өткізген 56 күні ескеріліп, түпкілікті айыппұл мөлшері 23 млн 531 мың 200 теңге болып белгіленді. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін айыппұлды өз еркімен төлеуге бір ай уақыт беріледі.

Жаза тағайындау кезінде оның бұрын сотталмағаны, қылмыстық жауапқа алғаш рет тартылғаны, кінәсін мойындағаны, денсаулық жағдайы және кәмелетке толмаған үш баласы бары ескерілген.

Сондай-ақ Әуелбеков «полиция подполковнигі» арнайы атағынан айырылды. Оған мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерде қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды.

Бұдан бөлек, сотталған адамнан пара ретінде алынған 600 мың теңге мемлекет кірісіне өндіріліп, Жәбірленушілерге өтемақы қорына 86 500 теңге және 840 теңге іс жүргізу шығыны төленеді.

Соңғы жаңалықтар