$ 460.13 € 532.6 ₽ 5.42

Каспийдегі мұнай нысандары маңына терроризмге қарсы күштер орналастырылмақ

Абдрахманов Мағжан
19 тамыз 2026, 11:15
Каспийдегі мұнай нысандары маңына терроризмге қарсы күштер орналастырылмақ Сурет авторы: kmg.kz

Қазақстан Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде мұнай-газ өндіретін компанияларға терроризмге қарсы теңіз жедел штабының күштері мен құралдарын орналастыру үшін арнайы орын дайындау міндетін жүктейді. Бұл туралы Энергетика министрлігінің бұйрығынан белгілі болды. Бұйрыққа Азаттык Азия назар аударған. Тиісті бұйрық 17 қазанда күшіне енеді.

Құжатқа сәйкес, жер қойнауын пайдаланушылар теңіз жедел штабы сұратқан жағдайда өндірістік нысандарға жақын жерден оның күштері мен құралдарын орналастыратын орын беруге тиіс. Оларды орналастыруға тікелей байланысты шығынды да мұнай-газ компаниялары көтереді.

Мұндай орын кемінде 10 қызметкерге есептеліп, тікұшақ қонатын алаңмен жабдықталуы керек. Ол теңіздегі өндірістік нысаннан 23 шақырымнан алыс болмауға тиіс.

Бұл құжат Қазақстанның Ресеймен шектесетін өңірлерінде бірнеше рет ұшқышсыз ұшу аппараттары табылғаннан кейін қабылданып отыр. Үкімет бұл оқиғаларға қатысты тексеру жүргізілгенін хабарлағанымен, дрондардың қайдан келгені айтылмады. Қорғаныс министрлігі елдегі стратегиялық маңызды нысандар әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерімен қорғалатынын мәлімдеген.

Бұған дейін, 2026 жылғы мамырда Ресей де Каспийдегі мұнай-газ нысандарын қорғаудың жаңа тәртібін енгізген. Онда теңіздегі нысандардың айналасында ені 500 метрге дейінгі қауіпсіздік аймағын құру және оларды қорғаушыларға дрондардың ұшуына тосқауыл қоюға, қажет жағдайда жоюға мүмкіндік беру қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар