$ 460.13 € 532.6 ₽ 5.42

Украинаның бұрынғы қорғаныс министрі сайлау өткізуді ұсынып, билікті сынға алды

Абдрахманов Мағжан
19 тамыз 2026, 09:43
Украинаның бұрынғы қорғаныс министрі сайлау өткізуді ұсынып, билікті сынға алды Сурет авторы: depositphotos

Украинаның бұрынғы қорғаныс министрі Михаил Федоров соғыс жалғасқан жағдайда да елде сайлау өткізуге мүмкіндік беретін заңды әрі қауіпсіз жол табуға шақырды. Ол бұл туралы YouTube арнасында жариялаған үндеуінде айтты.

Федоровтың пікірінше, соғыстың жалғасуы украиндардың билікті сайлау құқығын белгісіз мерзімге шегермеуі керек.

«Егер соғыс тағы бір, екі немесе үш жылға созылса, Ресей украиндардың өз билігін қашан қайта сайлай алатынын іс жүзінде анықтау құқығына ие болуы керек пе? Меніңше, жоқ», – деді ол.

Бұрынғы министр Украина ұзаққа созылған соғыс жағдайында да демократиялық үдерісті қайта бастауға мүмкіндік беретін тетік әзірлеуі керек деп санайды.

«Демократия Ресейдің кепілінде қалмауы керек. Біз еркін еуропалық мемлекет болып қалу үшін соғысып жатырмыз. Сондықтан соғыс ұзаққа созылған жағдайда да Украинада толыққанды демократиялық үдерісті қайта бастауға мүмкіндік беретін заңды, қауіпсіз әрі жүзеге асыруға болатын тетік табуымыз қажет», – деді Федоров.

Украина билігі бұған дейін әскери жағдай кезінде сайлау өткізу мүмкін емес екенін бірнеше рет мәлімдеген. Ел заңдары соғыс жағдайында президент, парламент және жергілікті билік органдары сайлауын өткізуге жол бермейді.

35 жастағы Федоров бұл мәлімдемесін Украина президенті Владимир Зеленский Жоғарғы Радаға Евгений Хмараны қорғаныс министрі қызметіне тағайындауды ұсынғаннан кейін көп ұзамай жасады.

Украинада соңғы жалпыұлттық сайлау 2019 жылы өткен.

Соңғы жаңалықтар