$ 461.39 € 534.75 ₽ 5.45

Air Astana мен FlyArystan қыркүйектің соңына дейін Қазақстаннан Дубайға ұшпайды

Редакция
18 тамыз 2026, 12:53
Air Astana мен FlyArystan қыркүйектің соңына дейін Қазақстаннан Дубайға ұшпайды Сурет авторы: privatejetbooking.ru

Қазақстанның Air Astana және FlyArystan әуе компаниялары Дубай қаласына жоспарланған рейстерді тоқтату мерзімін 30 қыркүйекке дейін ұзартқанын хабарлады. Бұл шешім Парсы шығанағы мен Таяу Шығыс аймағындағы саяси жағдайдың тұрақсыздануына байланысты қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында қабылданды.

Air Astana әуе тасымалдаушысы бұған дейін Дубайға ұшатын рейстерді 31 тамызға дейін тоқтатқан болатын. Алайда өңірдегі ахуалға байланысты Алматы және Астана қалаларынан Біріккен Араб Әмірліктерінің ірі мегаполисіне бағытталған ұшулар қыркүйек айының соңына дейін кейінге шегерілді. Сонымен қатар қазан айына арналған ұшу кестесі қайта қаралып, рейстер жиілігі азайтылды.

Бағыттың тоқтатылуына байланысты Air Astana жолаушыларға мынадай қолдау шараларын ұсынады:

  • Тоқтатылған рейстердің билеттерін 20 қарашаға дейін сол брондау класы бойынша тегін қайта рәсімдеу;
  • Билет құнын айыппұл ұстаусыз толық қайтарып алу;
  • Тариф айырмашылығы болған жағдайда оны төлей отырып, билетті Air Astana-ның басқа халықаралық бағыттарына тегін ауыстыру.

Өз кезегінде FlyArystan әуе компаниясы Ақтау – Дубай – Ақтау бағыты бойынша рейстерді уақытша тоқтату мерзімін 30 қыркүйекке дейін (қоса алғанда) ұзартты. Аталған бағыт бойынша билеттер қысқы ұшу кестесі аясында 3 қазаннан бастап қолжетімді болады. Компания жағдай өзгерген сәтте қосымша ақпарат тарататынын мәлімдеді.

FlyArystan жолаушылары да тоқтатылған рейстердің билеттерін кейінгі күнге тегін қайта брондай алады немесе сатып алған орны бойынша қаражатты толық көлемде қайтарып алуға құқылы.

Соңғы жаңалықтар