$ 465.08 € 536.52 ₽ 5.56

Нұрай Серікбайдың өлімі: Шерхан Аймахан өмір бойына сотталды

Абдрахманов Мағжан
13 тамыз 2026, 17:43
Нұрай Серікбайдың өлімі: Шерхан Аймахан өмір бойына сотталды Сурет авторы: Instagram/ Сұлтан Серікбай

Шымкенттің мамандандырылған ауданаралық соты 21 жастағы Нұрай Серікбайды өлтірді деп айыпталған Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айырды.

Сот Аймаханды некеге тұруға мәжбүрлеу, адамның ізіне түсу және аса қатыгездікпен адам өлтіру бойынша кінәлі деп таныды.

Бұған дейін сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы Аймаханға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Прокурор сотталушының жазасын жеңілдететін мән-жайлар анықталмағанын мәлімдеген еді.

Нұрай Серікбай биыл 11 қаңтарда Шымкентте қаза тапты. Тергеу нұсқасы бойынша, 28 жастағы Шерхан Аймахан оны дүкен маңында күтіп тұрып, бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Кейін оқиға орнынан қашып кеткен. Көп ұзамай ол қаладан шамамен 10 шақырым жерден ұсталып, тергеу изоляторына қамалды.

Нұрай Серікбайдың өлімі қоғамда үлкен талқы туғызды. Осыдан кейін президенттің тапсырмасымен Шымкент полициясы қызметкерлерінің әрекетіне тексеру жүргізілді.

Тексеру қорытындысында Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылып, тағы бірнеше қызметкер жұмыстан шығарылды.

Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің салғырттығына қатысты бөлек қылмыстық іс қозғалды. Тергеу нұсқасы бойынша, полицейлер Нұрай Серікбайдың некеге тұруға мәжбүрлеу туралы арызынан кейін тиісті шаралар қабылдамаған.

Соңғы жаңалықтар