$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41

Астанада 170 пәтерді заңсыз иемденбек болған: іске полицейлердің де қатысы болуы мүмкін

Абдрахманов Мағжан
16 қазан 2026, 11:25
Астанада 170 пәтерді заңсыз иемденбек болған: іске полицейлердің де қатысы болуы мүмкін Сурет авторы: gov.kz

Астанада бір топ адам жалған құжаттар арқылы жалпы құны 4,4 млрд теңгеден асатын 170 жылжымайтын мүлікті иемденбек болған. Тергеу барысында бұл іске полиция қызметкерлерінің де қатысы болуы мүмкін екені анықталды, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.

Істің мәні мынада: күдіктілер пәтер сатып алмаған адамдарды қағаз жүзінде бұрыннан ақша төлеген «үлескер» етіп көрсеткен. Ол үшін олардың атына шарттар бұрынғы күнмен рәсімделген.

Одан кейін сол адамдар полицияға «пәтер алу үшін ақша бердік, бірақ алданып қалдық» деген мазмұнда арыз берген. Қылмыстық іс қозғалған соң олар жәбірленуші деп танылған.

Тергеу дерегінше, күдіктілер осының негізінде сот шешімін алып, пәтерлерді «жалған үлескерлердің» атына рәсімдеуді көздеген. Кейін оларды сатып, ақшаны өзара бөліспек болған.

Бұл іске 80-нен астам адам тартылған. Олардың атына 170 жылжымайтын мүлікті рәсімдеу жоспарланған. Құқық қорғау органдары жалпы құны 4,4 млрд теңгеден асатын мүлікті иемденуге жол бермеген.

Істегі негізгі күдіктілердің бірі – «Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің бұрынғы басшысы. Ол 2016 жылы үлескерлердің ақшасын жымқырғаны үшін сегіз жылға сотталған. Кейін аяқталмай қалған үйлер елорда әкімдігінің қатысуымен салынып біткен. Нысандардың бір бөлігі әлеуметтік осал топтарға арналған.

ҚМА мәліметінше, бұрынғы кооператив басшысы бостандыққа шыққаннан кейін сыбайластарымен бірге осы пәтерлерді иемденудің жаңа жолын ойластырған деген күдік бар.

Бұдан бөлек, күдіктілер жалған шарттарды басқа азаматтарға да сатқан. Олардың шығыны 400 млн теңгеден асқан.

Тергеу барысында полиция қызметкерлерінің де іске қатысы болуы мүмкін екені анықталған. Оларға қатысты қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану және дәлелдерді бұрмалау деректері бойынша тергеу жүріп жатыр.

Барлығы 19 адам күдікті деп танылды, тоғызы қамауда. Олардың 250 млн теңгеден астам мүлкіне тыйым салынған. Қазір тараптар іс материалдарымен танысып жатыр.

Соңғы жаңалықтар