$ 454.14 € 509.23 ₽ 5.41

Тоқаев Израиль Президентімен Таяу Шығыстағы ахуалды талқылады

Абдрахманов Мағжан
15 қазан 2026, 13:57
Тоқаев Израиль Президентімен Таяу Шығыстағы ахуалды талқылады Сурет авторы: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуде өтіп жатқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің VII саммиті аясында Израиль Президенті Ицхак Герцогпен кездесті, деп хабарлады Ақорда.

Кездесуде тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, соның ішінде Таяу Шығыстағы ахуалды талқылады. Тоқаев шиеленісті бәсеңдетіп, қақтығыстарды дипломатиялық жолмен реттеу қажет екенін айтып, Қазақстан осы ұстанымды берік қолдайтынын жеткізді.

Президенттер Қазақстан мен Израиль арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарға басымдық бере отырып, бірқатар бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктері қарастырылды.

Тоқаев Ицхак Герцогтің сәуірде Астанаға жасаған сапары екі ел арасындағы байланысты нығайтуға елеулі серпін бергенін айтты. Израиль Президенті де Қазақстанға сапарын еске алып, елдің түрлі саладағы жетістіктері екіжақты ықпалдастықты кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сонымен қатар Герцог Қазақстанның Бейбітшілік кеңесіне қосылуын құптап, мұны бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға қосылған үлес деп бағалады.

Соңғы жаңалықтар