$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41

Үйі мен көлігі бар отбасы да жәрдемақы ала алады – Еңбек министрлігі

Абдрахманов Мағжан
16 қазан 2026, 12:13
Үйі мен көлігі бар отбасы да жәрдемақы ала алады – Еңбек министрлігі Сурет авторы: pexels

Қазақстанда отбасының жеке баспанасы немесе көлігі болуы оны автоматты түрде ауқатты отбасылар қатарына қоспайды. Сол сияқты несиесінің болуы да отбасының тұрмысы төмен екенін білдірмейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Цифрлық отбасы картасындағы C, D және E санаттары қалай анықталатынын түсіндірді.

Министрлік мәліметінше, отбасының жағдайын бағалау кезінде бір ғана көрсеткіш емес, табыс, жұмыс, баспана, мүлік, көлік және несие міндеттемелері сияқты бірнеше жағдай бірге ескеріледі.

C санатына тұрмыс деңгейі қанағаттанарлық отбасылар кіреді. Олар күнделікті негізгі қажеттіліктерін өтей алады. Отбасы мүшелерінің жұмысы, баспанасы және көлігі болуы мүмкін. Соған қарамастан, олар мемлекеттің жекелеген қолдау шараларына мұқтаж болуы ықтимал.

D санаты – экономикалық тұрғыдан осал отбасылар. Мұндай отбасыларда тұрақты жұмыстың болмауы, несие төлемдерінің кешіктірілуі немесе баспанамен жеткілікті қамтылмау сияқты қиындықтар болуы мүмкін. Министрліктің түсіндіруінше, оларға ақшалай төлеммен қатар жұмысқа орналасуға және білім алуға көмектесу маңызды.

E санатына экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал, мемлекет көмегіне бірінші кезекте мұқтаж отбасылар жатады. Оларда негізгі қажеттіліктерге ақша жетпеуі, жеке баспананың болмауы, несие төлемдерінің ұзақ уақыт кешіктірілуі сияқты бірнеше мәселе қатар кездесуі мүмкін. Сондай-ақ отбасында еңбекке қабілетті адам болмауы ықтимал.

«Пәтердің немесе автокөліктің болуы әл-ауқат деңгейінің жоғары екенін білдірмейді. Сол сияқты жекелеген несие міндеттемесінің болуының өзі экономикалық осалдықты көрсетпейді. Санатты анықтау үшін отбасының материалдық және әлеуметтік жағдайының жалпы көрінісі ескеріледі», – деп түсіндірді министрлік.

Цифрлық отбасы картасы отбасы туралы мәліметті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады. Бағалау 59 көрсеткіш бойынша жүргізіледі. Оның ішінде қаржылық жағдай, жұмыспен қамтылу, баспана, мүлік пен көлік, несие, бизнестің болуы, жер телімдері мен ауыл шаруашылығы активтері бар.

Сонымен бірге отбасы мүшелерінің саны мен жасы, балалардың, қарттардың және мүгедектігі бар адамдардың болуы ескеріледі.

Отбасыға берілген санат тұрақты емес. Табыс, мүлік немесе отбасы құрамы өзгерсе, ол қайта қаралады. Есеп ай сайын жаңартылады.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік қолдауды мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындау қағидаты қолданылған кезде C, D және E санатындағы отбасылар тиісті талаптарға сай болса, мемлекеттік жәрдемақы алу құқығын сақтайды.

Бұған дейін министрлік А және В санаттарына тұрмыс деңгейі жоғары отбасылар жататынын түсіндірген еді. Оларды анықтағанда да бір ғана мүлікке емес, отбасының жалпы материалдық және әлеуметтік жағдайына қарайды.

Соңғы жаңалықтар