$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41

407 мың қазақстандық Ұлттық қордағы жинағын пайдаланды: ақша қайда жұмсалды?

Абдрахманов Мағжан
16 қазан 2026, 10:44
407 мың қазақстандық Ұлттық қордағы жинағын пайдаланды: ақша қайда жұмсалды? Сурет авторы: NUR.KZ/Владимир Третьяков

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылғалы 407 145 қазақстандық нысаналы жинағын пайдаланды. 2024 жылғы 1 ақпаннан 2026 жылғы 1 қазанға дейін оларға жалпы 88,86 млн доллардан астам қаражат төленді, деп хабарлады Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры.

Қаражаттың басым бөлігі баспанаға жұмсалған. 267 986 адам тұрғын үй жағдайын жақсартуға 58,29 млн доллар пайдаланған. Тағы 139 159 адам білім алу ақысын төлеуге 30,57 млн доллар жұмсаған.

Тек 2026 жылдың басынан 1 қазанға дейін 211 748 қазақстандық Ұлттық қордағы жинағын пайдаланған. Оларға жалпы 57,59 млн доллар төленді. Оның 38,86 млн доллардан астамы баспанаға, 18,73 млн доллары білім алуға бағытталған.

Бағдарлама бойынша Ұлттық қордың инвестициялық табысының бір бөлігі Қазақстанның 18 жасқа толмаған азаматтарына жыл сайын есептеледі. Бала 18 жасқа толғаннан кейін жинағын тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алу ақысын төлеуге пайдалана алады.

Ұлттық банктің мәліметінше, 2026 жылы балалардың атына Ұлттық қордан 902 млн доллар нысаналы талап есептелген. Бұған дейінгі жинақтарға есептелген инвестициялық кіріс 44 млн доллар болған. Төлемдер шегерілгеннен кейін балалардың атына жиналған нысаналы талаптардың жиынтық сомасы 2,311 млрд долларға жеткен.

Жинақтың барлығын бірден пайдалану міндетті емес. Кәмелетке толған азамат қолжетімді ақшаның бір бөлігін ғана жұмсап, қалғанын нысаналы жинақтау шотында қалдыра алады.

Соңғы жаңалықтар