$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41

200-ден астам қазақстандық жәрдемақыдан өз еркімен бас тартты

Абдрахманов Мағжан
16 қазан 2026, 15:40
200-ден астам қазақстандық жәрдемақыдан өз еркімен бас тартты Сурет авторы: depositphotos

Қазақстанда 200-ден астам азамат мемлекеттік жәрдемақыға мұқтаж емес екенін айтып, оны алудан өз еркімен бас тартты. Бұл туралы еңбек және әлеуметтік қорғау саласын цифрландыру мәселелері жөніндегі кеңесте Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жәрдемақыдан өз еркімен бас тартуға арналған жаңа қызметті таныстырды. Ол eGov Mobile қосымшасында қолжетімді болады. Соның арқасында тұрмысы жақсы азаматтар мемлекеттік органға бармай-ақ, әлеуметтік төлемнен онлайн бас тарта алады.

«Бүгінде SMS-хабарламалар жіберу нәтижесінде 200-ден астам азамат мұқтаж болмауына байланысты жәрдемақыдан бас тартатынын мәлімдеді», – делінген Үкімет хабарламасында.

Отбасының жағдайын нақтылау үшін мәліметтерді әкімдіктер де тексереді. Еңбек министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірге тұрмыс деңгейі жоғары санаттарға енгізілген отбасыларды қосымша тексеріп жатыр.

Үкімет тағы бір дерек келтірді. 2025 жылы мұқтаж санатындағы 480 355 отбасының жағдайы жақсарып, олар тұрмыс деңгейі жоғарырақ санатқа ауыстырылған. 2026 жылдың басынан бері тағы 464 158 отбасы жоғары санатқа өткен.

Соңғы жаңалықтар