$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41

Семейде нәрестені қоқыс жәшігіне тастаған бұрынғы полицей өмір бойына сотталды

Абдрахманов Мағжан
16 қазан 2026, 09:22
Семейде нәрестені қоқыс жәшігіне тастаған бұрынғы полицей өмір бойына сотталды Сурет авторы: Azattyq ryhy

Семейде жаңа туған нәрестені қоқыс жәшігіне тастауға байланысты іс бойынша бұрын полицияда қызмет еткен екі адамға үкім шықты. Баланың анасы екі жылға бас бостандығынан айырылғанымен, рақымшылыққа байланысты жазадан босатылды. Ал оның жігіті өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Arnapress.kz.

2005 жылы туған әйел Қылмыстық кодекстің 100-бабы – «Ананың жаңа туған баласын өлтіруі» бойынша кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда 2026 жылғы 1 шілдедегі жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық туралы заң негізінде ол жазадан босатылды. Сондай-ақ бұрынғы қызметкер полицияның кіші сержанты арнайы атағынан айырылды.

2000 жылы туған екінші сотталушы Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігі – жас баланы өлтіру бойынша кінәлі деп танылды. Сот оны өмір бойына бас бостандығынан айырып, жазасын қауіпсіздігі төтенше мекемеде өтеуді белгіледі. Ол полицияның аға лейтенанты арнайы атағынан да айырылды.

Оқиға 2026 жылғы ақпанның басында болған. Семейдегі қоқыс жәшігінен нәрестенің денесі табылғаны туралы полицияға хабар түскен. Тергеу барысында үйінде жасырын босанған 20 жастағы әйел анықталған. Сот материалдары бойынша оның жігіті нәрестені көлікпен алып кетіп, қоқыс жәшігіне қалдырған.

Сотталушылар тағылған айып бойынша кінәсін мойындамаған. Алайда сот олардың кінәсі іс материалдарындағы дәлелдер жиынтығымен расталды деген қорытындыға келген.

Іс барысында SMS-хабарламалар, WhatsApp-тағы хат алмасу, сотқа дейінгі тергеу кезінде алынған жауаптар, сараптама қорытындылары мен сарапшылардың соттағы айғақтары зерттелген.

Сотта қаралған сараптама дерегіне сәйкес, нәресте тірі туған. Ол кейін суықтың әсерінен көз жұмған.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар