$ 465.08 € 536.52 ₽ 5.56

Қазақстандықтардың деректерін сатуға қойған адам іздестіріліп жатыр

Абдрахманов Мағжан
13 тамыз 2026, 17:32
Қазақстандықтардың деректерін сатуға қойған адам іздестіріліп жатыр Сурет авторы: Pixabay

Ішкі істер министрлігі даркнетте Қазақстан азаматтарының жеке деректерін сатуға қойған хабарландыруды жариялаған адамды іздестіріп жатыр. Ведомство әзірге eGov жүйесіне заңсыз кіру дерегі тіркелмегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Polisia.kz.

«Бүгінгі таңда eGov порталына рұқсатсыз кіру деректері тіркелген жоқ», – делінген ІІМ хабарламасында.

Соған қарамастан, министрлік жеке деректердің сатылатыны туралы хабарландырудың өзін назардан тыс қалдырмаған. Қазір оны жариялаған адамды, ұсынылған деректердің қайдан алынғанын және оларды заңсыз иемденіп, таратуға қатысы бар адамдарды анықтау шаралары жүргізіліп жатыр.

ІІМ кінәлі адамдар жауапкершіліктен құтылмайтынын және бұл жұмыс министрліктің ерекше бақылауында екенін мәлімдеді.

Бұған дейін Mash Telegram арнасы даркнетте Қазақстанның 15 млн тұрғынының деректері сатылымға қойылғанын хабарлаған. Сатушы деректер қорын eGov жүйесін бұзу арқылы алғанын мәлімдеп, файлды шамамен 32 мың долларға бағалаған.

Осы ақпараттан кейін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі тексеру жүргізіп, eGov жүйесінің бұзылғанын растамады. Ведомство даркнетте сатылымға қойылған файлдарға қол жеткізіп, оларды зерттеген.

Министрліктің мәліметінше, сатылымға қойылған материалдар әртүрлі файлдар мен суреттердің жиынтығы болған және eGov жүйесінен алынған деректер қорына жатпайды. Сондай-ақ жарияланған деректердің көлемі мен мазмұны бір-біріне сәйкес келмеген.

Ведомство eGov жүйесінде төлқұжаттардың сканерленген көшірмелері хабарландыру авторы көрсеткен үлгіде сақталмайтынын атап өтті. Цифрлық құжаттар жүйеде басқа тәсілмен қалыптастырылып, сақталады.

Соңғы жаңалықтар