$ 455.86 € 528.84 ₽ 5.25

Қазақстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында екінші орында келеді

Абдрахманов Мағжан
04 қыркүйек 2026, 09:42
Қазақстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында екінші орында келеді Сурет авторы: ҚР Спорт комитеті

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының үш күндік қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпы медаль есебінде екінші орында келеді. KaktusMedia мәліметінше, ұлттық құрама қоржынында 34 медаль: 16 алтын, 8 күміс және 10 қола бар.

Жалпы есепте Қырғызстан көш бастап тұр. Алаң иелерінің еншісінде 39 медаль – 19 алтын, 12 күміс және 8 қола. Үшінші орында Ресей құрамасы: 5 алтын, 6 күміс және 13 қола, барлығы 24 медаль. Одан кейін Моңғолия мен Өзбекстан орналасқан.

Қазақстан құрамасы жарыстың үшінші күнінде 12 алтын, 7 күміс және 5 қола жүлде жеңіп алды.

Аударыспақта Дарын Өткелбай 90 келіге дейінгі салмақта, Сырым Ізбасаров 100 келіге дейінгі салмақта алтын медаль иеленді. Нұржан Еркінұлы аса ауыр салмақта қола жүлде алды. Бұл нәтижелерді Қырғызстандағы жарыс қорытындылары да растайды.

Самбодан Болат Сапар 98 келіден жоғары салмақта чемпион атанды. Жандос Бейсенбаев 64 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге ие болды.

Құсбегіліктен Серікболсын Жалғасұлы алтын, Арман Қошқаров пен Бақдәулет Бабажан күміс, Ерлан Кенжетаев қола алды. Арқан тартыстың «4х4» бағдарламасында Қазақстан құрамасы Иран спортшыларын жеңіп, алтын медаль иеленді.

Қол күрестен ұлттық құрама 7 алтын, 4 күміс және 1 қола жүлде жеңіп алды.

4 қыркүйекте қазақстандық спортшылар көкпар, көкбөрі, аламан бәйге, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, арқан тартыс және тағы басқа спорт түрлерінен жарысқа шығады.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда өтіп жатыр. Биылғы додаға жүзден астам елден спортшылар қатысуда.

Соңғы жаңалықтар