$ 456.56 € 530.52 ₽ 5.28

Еліміздегі ең ықпалды әйелдер рейтингі жарияланды

Редакция
07 қыркүйек 2026, 14:44
Еліміздегі ең ықпалды әйелдер рейтингі жарияланды Сурет авторы: оллаж: Ulysmedia

Forbes Women Kazakhstan журналы еліміздегі ең ықпалды 25 әйелдің жаңартылған рейтингін жариялады. Бизнес, мемлекеттік басқару және қоғамдық саланың тізгінін ұстаған нәзік жандылардың бәсекесі бұл жолы да қызу тартысқа толы болды.

Беделді рейтинг тәуелсіз сарапшылардың, бизнес өкілдерінің, қауымдастық басшылары мен саяси қайраткерлердің сауалнамасы негізінде түзілген. Үшінші рет жарық көріп отырған тізімнің көш басы айтарлықтай өзгере қойған жоқ.

Тізімнің абсолютті көшбасшысы болып Halyk Bank-ті 17 жылдан бері басқарып келе жатқан Үміт Шаяхметова атанды. Ол биыл тамыз айында БҰҰ Жаһандық шағымының Орталық Азиядағы кеңесін де басқарды. Екінші орынға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігін бес жылдан бері басқарып келе жатқан Мәдина Әбілқасымова тұрақтады. Үштікке бұрынғы министр, ал тамыз айының соңынан бері Қауіпсіздік Кеңесінің төрайымы қызметін атқарып жүрген Аида Балаева түйінді.

Төртінші сатыға өткен жылғыдай «Отбасы банкті» басқарып келе жатқан Ләззат Ибрагимова жайғасты. Ал бестіктің қатарына бұл жолы «Болашақ» қорының жетекшісі Аружан Саинның орнына «Telli Ondiris» зауытының иесі және экологиялық зерттеулер орталығының негізін қалаушы кәсіпкер Әсел Тасмағамбетова енді.

Жалпы алғанда, қатысушылардың 18-і өз позицияларын сақтап қалды. Дегенмен тізімде жаңа есімдер де бар. Атап айтқанда, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова 8 және 9-орындарға ие болды. Сондай-ақ танымал продюсер Баян Алагөзова (21-орын), кәсіпкер Гаухар Абықаева мен Раушан Жақсыбай (24 және 25-орындар) алғашқы рет үздіктер қатарынан көрінді.

Қаржы және бизнес секторынан бұл тізімге Қаржыгерлер қауымдастығының басшысы Елена Бахмутова, «Lancaster Group» акционері Гаухар Қапарова, «G and G Гламур» мен «GGonline» брендтерінің негізін қалаушы Гульнар Досаева, Ұлттық банктің төраға орынбасары Әлия Молдабекова, «Qaganat» асханалар желісінің негізін қалаушы Чинара Бугимбаева, AIX биржасының басқарма төрайымы Әсел Мұқажанова және кәсіпкер Жанна Кан кірді.

Соңғы жаңалықтар