$ 458.48 € 534.68 ₽ 5.43

Алматы облысында 800-ден астам көлік заңсыз тіркелген

Наурызбек Лесов
26 тамыз 2026, 17:36
Алматы облысында 800-ден астам көлік заңсыз тіркелген Сурет авторы: Artur Debat/Getty Images

Алматы облысында екі жыл бойы көліктерді заңсыз тіркеуге көмектескен қылмыстық топтың 17 мүшесіне үкім шықты. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, олардың әрекетінен мемлекет 6,6 млрд теңгеден астам қаражаттан қағылған.

Тергеу дерегіне сәйкес, қылмыстық топ алдымен Қазақстанға заң талаптарын бұза отырып әкелінген 642 жүк көлігін есепке қойған.

Кейін заңсыз әкелінген жеңіл көліктерді тіркеудің басқа тәсілі қолданылған. Оларға Қазақстанда бұрын тіркеліп, кейін есептен шығарылған көліктердің VIN-кодтары берілген. Осы жолмен тағы 209 автомобиль тіркелген.

ҚМА мәліметінше, іске полиция қызметкерлері, арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары және жекеменшік нотариустар қатысқан. Олар ақпараттық жүйелерге жалған мәлімет енгізуге және құжаттарды басқа адамдардың атына рәсімдеуге көмектескен.

Сот айыпталушыларды 2 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Төрт бұрынғы полиция қызметкері арнаулы атағынан айырылды. Іске қатысы бар нотариустарға кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Сондай-ақ бес автокөлік тәркіленді.

Соңғы жаңалықтар