$ 455.86 € 528.84 ₽ 5.25

Ақмола облысында 50 млн теңгеден астам субсидия заңсыз алынған

Абдрахманов Мағжан
04 қыркүйек 2026, 10:44
Ақмола облысында 50 млн теңгеден астам субсидия заңсыз алынған Сурет авторы: Ақорда

Ақмола облысында мал шаруашылығын дамытуға бөлінген 50 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

Тергеу дерегінше, «Медина» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің директоры мен Шортанды аудандық ветеринариялық станциясының басшысы ақпараттық жүйеге ірі қара мал саны туралы жалған мәлімет енгізіп, мемлекеттік субсидияны заңсыз алған.

Атап айтқанда, 57 асыл тұқымды бұқа бар деген жалған мәлімет негізінде бюджеттен 9 млн теңге аударылған. Кейін осы деректерге сүйеніп, іс жүзінде жүргізілмеген селекциялық жұмыстарға тағы 17 млн теңге бөлінген.

Бұдан бөлек, төрт өтінімде аналық мал саны 3 мың басқа артық көрсетілген. Соның нәтижесінде тағы 27 млн теңге субсидия негізсіз алынған.

ҚМА мәліметінше, мемлекетке келтірілген залал 50 млн теңгеден асты.

Кооператив директорына қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар